Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Қатыгездік" әңгімесі 2-сынып оқушыларына тапсырма ретінде берілген

"Ол бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігімен келісілмеген", - деп мойындады білім басқармасы.

"Қатыгездік" әңгімесі 2-сынып оқушыларына тапсырма ретінде берілген
фото: ашық дереккөз

Коршунова Татьяна атты қазақстандық келіншек Facebook-тегі парақшасына 2-сынып оқушыларына арналған тапсырмадағы мәтін мазмұнына қатысты наразылығын білдірді, деп жазды paryz.kz, Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

"Әдебиетте 2-сынып оқушыларына арналған басқа шығарма табылмады ма? Пікірлерді оқи отырып, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың деңгейі жоғары екенін айтқым келеді. Күш көрсету қалыпты саналатын отбасыларда ата-аналар бұл шығарманың мағынасын түсіндіре ала ма?" - деп ренжіді ол.

Сол себепті, сайт тілшісі Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасынан мән-жайды сұраған. Ал ведомство өкілдері мектеп бағдарламасында бұл мәтін жоқ екенін айтыпты.

"Мұғалім мәтінді бейресми дереккөздерден алған. БЖБ (бөлімді жиынтық бағалау) мен ТЖБ (тоқсандық жиынтық бағалау) үшін материалды таңдау құқығы бекітілгендіктен, мәтінді 2-сынып мұғалімі таңдаған. Бірақ ол бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігімен келісілмеген, сондықтан екінші тоқсанның "Менің өлкем", "Менің мектебім" тақырыбына сәйкес келмейді", - деп жауап берген олар ресми сұрауға.

Сондай-ақ, басқарма өкілдері енді БЖБ мен ТЖБ әзірлеу бойынша "жас мұғалімдер мектебін" өткізуді жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. Бұдан былай осындай жағдайлар қайталанбас үшін жас педагогтерге тапсырмалардың, мәтіндердің дайын үлгілері ұсынылмақ.

Айта кетсек, оқушыларға тапсырма ретінде берілген мәтіннің авторы - кеңес педагогы, жазушы, публицист, халықтық педагогиканың негізін қалаушы Василий Сухомлинский. Әңгіме "Қатыгездік" деп аталады. Василий Сухомлинский мектептегі бағалаудың зияны туралы алғашқылардың бірі болып айтып, физикалық жазалауға қарсы шыққан.