Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

"Бергені - тиын-тебен": Оралда 2-топтағы мүгедек баспанасыз қалуы мүмкін

Мүгедек осы күнде үрейлі отыр. Үйдің жаңа иесі кез келген уақытта есік қағуы мүмкін.

"Бергені - тиын-тебен": Оралда 2-топтағы мүгедек баспанасыз қалуы мүмкін
Видеодан скриншот

Оралда 2-топтағы мүгедек далада қалуы мүмкін. Ата-анасынан қалған қарашаңырақтан туған інісі мен апасы қуып шықпақ. Жақында сот болып, туыстары жеңіп шыққан көрінеді. Енді ол қайда барарын білмей зар илеп отыр, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 

Анатолий Зайкин мұңын шағып, талай жердің табалдырығын тоздырған. Бірақ еш нәтиже болмапты. Енді кімнен көмек сұрарын білмей дал болып отыр. Ол ата-анасынан қалған қарашаңырағынан айырылып қалды. Араздасып қалған ағайын соттан әділдік іздеген. Сот шешіміне сәйкес, баспана бөліске түсіпті.

"Сот шешімімен үйді бөліске салғанда ағам 4,5 миллион, апам 1 миллион теңгені қалтаға басты. Сот орындаушысының өзі қызметі үшін 700 мың теңгедей алды. Ал маған бергені - тиын-тебен ғана. Олардың үйлері бар. Бірақ олар ата-анамнан қалған үйді тартып алмақ. Енді қайда барарымды білмей отырмын", - дейді Анатолий Зайкин.

Бауыры болса, бәріне жалғыз ағасын айыптады. "Кезінде келісімге келуі керек еді", - дейді Виктор Зайкин.

"Соттың шешімі осындай болса, біздің қандай кінәміз бар? Адам құсап келісімге келмеген өзінен көрсін! Негізі 2001 жылы мемлекет оған мүгедектік бойынша үй берген. Бірақ ол үйді сатып, ақша қылды. Енді бізді мазалап жүр", - дейді ол.

55 жастағы мүгедектің інісі мен апасынан басқа туысы жоқ. Отбасын құрмаған. Заңгерлер болса, мүлік бөлісінде шикілік болғанын алға тартып отыр.

"Мына жерде заң өрескел бұзылған. Тіпті жеке сот орындаушысына дейін заң бұзып отыр. Жоғары сот осыған назар аударуы керек. Жалғызбасты жанды баспанасынан айырмайды деп үміттенемін", - дейді адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының БҚФ директоры Павел Кочетков. 

Даулы баспана 6 миллион теңгеге сатылыпты. Анатолий Зайкинге содан 400 мың теңге бұйырған. Ол "жетім бұрыш" алуға да жетпейді. Мүгедек осы күнде үрейлі отыр. Үйдің жаңа иесі кез келген уақытта есік қағуы мүмкін.