Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

«Неге өз елімде домбырамды қорлықпен тасуым керек?»: Жас айтыскер неге қынжылады

Жас айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай Алматы әуежайында болған жағдайды айтып берді. Ақын өзімен бірге домбырасын бортқа алып кірмек болғанда оны Fly Arystan қызметкерлері жұлқылаған, деп хабарлайды Paryz.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

«Неге өз елімде домбырамды қорлықпен тасуым керек?»: Жас айтыскер неге қынжылады
Фото: әлеуметтік желіден

Айшолпан Тілеутай Алматыдан Астанаға ұшу үшін ұшаққа билет алып, тіркеу, тексеріс - бәрінен түгел өткен. Бірақ ұшақ бортына кірерде қызметкерлер оның домбырасын тартқылап, кіргізбеуге тырысқан. Бұл туралы айтыскер ақын өзінің Instagram-дағы парақшасында айтты.

"Fly Arystan компаниясының қызметкерлері домбыраны ұшаққа кіргізбейсің деп, елдің көзінше мені сосын ДОМБЫРАМДЫ жұлқылады! Бірақ мені жұлқылаған екі қыз бұрын боксқа қатысқанымды және оларға қарағанда күшім көп екенін білмей қалыпты. 2 қыздың жағама жабысқанына қарамай домбырамды Астанаға өзіммен бірге ұшақпен алып келдім! Жақсы жеттік! Әбден есіріп, елдің құқығын таптап, ақшасын жеп жатқан осы компанияға тоқтау салатын біреу бар ма?!" - деп жазды Айшолпан Тілеутай.

Айшолпанның айтуынша, қызметкерлер домбыраны тартып, қыздың киімінен жұлқылап, оны итерген. Бір өзі шамасы келмейтінін білгенде тағы бір қызметкерді көмекке шақырған. Бірақ ақын қыз сонда да домбыраны бортқа алып кірген. Ол өзін қорқытпақ болғандарға "әуе компаниясы кімдікі болса да, бәрібір" деп жауап қайтарды. Ақын қыз "Қазақтың қасиетті домбырасын ұшақта неге сонша қорлықпен тасуымыз керек?" деп наразы. 

"Сол жерде тұрған бір де бір адам "Бұл біздің қазақтың домбырасы ғой, мынау өзіміздің қазақтың қызы ғой" деп айтпады. Ана жерде қанша халық тұр. Ал ұшақтағы қыздар мені жұлқылады. Біз неге өз елімізде домбырамызды қорлықпен тасуымыз керек? Бір ашуланатыным: мені сол жерде "Сен бұл компания кімдікі екенін білесің бе?" деп қорқытпақ болды. Кімдікі болса да, бәрібір. Кімнің компаниясы болса да, ол қазақтың елі үшін қызмет етуі керек", - деді ақын Айшолпан Тілеутай.