Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

«Қазақ қызына мал секілді қарауды қою керек»: Айдос Сарым Қытаймен визасыз режим туралы

14 күнде қаптап кетпеген қытай 30 күнде басып кетеді деп ойламаймын. 12 ғасырдан қалған үреймен өмір сүрсек, көп дүниеден айырыламыз. Депутат Айдос Сарым Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимнің оң тұстары көп екенін айтты, деп жазады Paryz.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

«Қазақ қызына мал секілді қарауды қою керек»: Айдос Сарым Қытаймен визасыз режим туралы
Фото: baq.kz

- Әлеуметтік желіде визасыз режим енсе, елімізде қытайлар саны күрт көбейіп, шетелге тұрмысқа шығатын қыздардың саны артады деген сөз бар...

- Егер біз өзіміздің қыздарымызға дұрыс тәрбие берсек, оларға дұрыс патриотизм мен мәдениетімізді бойына сіңірсек, онда ешкім ешқайда кетпейді. Жігіттермізге де осылай айтар едім. Қыздарымыздың бәрі қашып кететіндей төмен деңгейге түсіп кеткен жоқпыз. Бір жағынан қыздарымызға қорада тұрған мал сияқты қарамауымыз керек. Әр адамның таңдауы мен сана-сезімі бар. Оған мысал, мәселен әлеуметтік желіні оқып отырып, бір жазба көрдім. Онда Қытайда 18 млн бойдақ бар екен, ертең олар елімізге келіп, қазақтың қыздарын жапа-тармағай алып кететіні жөнінде жазылған. Меніңше, бұл қазақ қыздарын ақымақ көру. Ақмақтықтың шегі деп білемін. Біз кейде азаматтарымыздың жеке тұлға екенін, жеке ойы бар екенін ұмытып кетеміз. Қытай осы кезге дейін айтарлықтай көбейіп кеткен жоқ. Егер бұлай қорқынышпен өмір сүретін болсақ талай дүниеден айырылып қаламыз.

Қытай – кәріс те емес, орыс та емес. Қытай деген бөлек өркениет, өзге планета. Біз олардың тілі мен мәдениетін түсінбейміз. Қазіргі таңда нан мен астығымызды шығарып отырған дара еліміз. Үрейленетін ештеңе жоқ деп ойлаймын. Осы күнге дейін Қытай азаматтары Қазақстанға 14 күнге визасыз келе алатын еді. Одан елімізде қытай қаптап кеткен жоқ. Тіпті Қытаймен шекаралас аудандарда қытайлар қаптап, қақтығыстар болып жатқан жоқ.

- Қытаймен шекараны мүлдем жабу керек деп айтып жүргендерге не айтасыз?

- Мұны мүмкіндік ретінде қарауымыз керек. Мысалы пандемияға дейін 500 мың қазақстандық Қытайға барып тұрды. Бұл байланыс кейін де жалғасатыны анық. Тағы бір мәселе, егер Қытаймен шекара жабылатын болса еліміздің оңтүстік пен шығыс өңіріндегі шағын және орта бизнестің көбі жабылып қалады. Көбі жұмысшы санын қысқартып, кейбір азық-түліктің тапшылығы болуы мүмкін. Осы бір қытайлардың келуіне қарсы болып жүрген азаматтар өзіне міндеттеме алса деймін. Мен осы отбасыны асырап, жауапкершілігіме аламын деп уәде берсін, сол кезде олармен басқаша сөйлесейік. Біз де азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған адамдар бар екенін білейік.

Мәселен Оңтүстік Корея, Жапония сияқты елдер мұндай визасыз режимді армандап жүр. Біз мұның екінші жағын да қарауымыз керек. Қытайда 1,5 млн-ға жуық қандастарымыз тұрады. Осы күні шекара жабылып, қандастарымыз озбырлық көріп жатыр деген әңгіме айтылып жүрген жоқ. Енді ағайынымызды түгендеп келуге жол ашылады. Қытай біздің тәуелсіздігіміздің әрі тұтастығымыздың кепілі. Қытай елінің Еуропадан және басқа мемлекеттерден ерекшелігі олар өз сөздерінде тұрады. Біздің Қытайда оқып жатқан 15 мың студентіміз бар екенін де ұмытпауымыз керек. Бұл басқа елдермен салыстырғанда көп. Оларға да тиімді жағдай жасауымыз керек. Мұндай кезде шынайы әңгіме айтып, нақты көзқараспен өмір сүру маңызды.

- Саяси астар іздейтіндер бар...

- Біз үлкен саяси доданың ортасында отырған еліміз. Біздің Қытаймен қарым-қатынасымызды бұзғысы келетін елдер мен компаниялар бар. Тіпті араға от салып, ақша тауып отырғандар да бар. Бұл режимге қарсы үгіт-насихат жүргізіп жүрген адамдарға аса сақтықпен қарауымыз керек. Олар халықтың үрейін қазақтың мүддесіне қарсы қойып жатқан адамдар деп ойлаймын. Қазақ Қытайды тек 18-ғасырда ғана таныған халық. «Ақырзаман таяғанда қара қытай қаптайды» деген сөз 12-ғасырда Сүлеймен Бақырғанидың кезінде айтылып кеткен. Ол кездегі қара қытайлар наймандарға туыс ел болған. Сондықтан бұл сөзді 12-ғасырдағы үрей десек болады.

- «Қарақытай қаптаса орыс әкеңдей көрінеді» деген сөз ше?

- Ол әңгіменің төркіні 1960 жылдары Кеңес үкіметі мен Қытай арасы суыған кезде шыққан. Араларында бірнеше қақтығыс та болған еді. Сол кезеңде шамамен 1967 жылдан бері екі ел арасында ақпараттық соғыс басталған. Сол кезде бізге Қытайларды жау қылып үйрете бастаған, міне содан қалған сөз.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!