Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Түркістанда белгісіз біреу аулада ойнап жүрген кішкентай қызды ұрып-соғып, зорламақ болған

Түркістан облысының Кентау қаласында ер адам аулада жүрген кішкентай қызға шабуыл жасап, оны ұрып-соғып, азғындамақ болған деп хабарлайды Paryz.kz  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

Түркістанда белгісіз біреу аулада ойнап жүрген кішкентай қызды ұрып-соғып, зорламақ болған
Фото: stan.kz

Оқиға 26 сәуірде болған. Кішкентай қыз ауладағы дүкенге шыққан кезде, ер адам артынан ерген. 

“Оны құшақтап, аты-жөнін, жасын сұрап, қырындаған. “Анам күтіп отыр” дегенінде, “күтсін” деп тап берген. Тұншықтырып, таспен бетінен ұрған. Көршілері көріп қалғандықтан, қаскөй қорқып қашып кетті”, – деп жазды қоғам белсендісі Дина Таңсәрі.

Түркістан облысының полициясы қаскөйдің ұсталғанын хабарлады.

"Тексеру барысында сағат 20:30 шамасында аулада ойнап жүрген қызды белгісіз адам себепсіз ұрғаны анықталды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде оқиғаның бейнежазбасы бойынша ер адам табылды. Ол полиция бөліміне жеткізілді. Ер адам бұрын сотталған жергілікті тұрғын болып шықты. Кентау қаласының полиция бөлімшесінде бұл факт ҚК 293-бабының 1-бөлігі "Бұзақылық" бойынша тіркелген”, – деп мәлімдеді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.

Осыншама зәбір көрсеткен ер адамның бұзақылық бойынша ғана тергеліп, қамауға алынбағанына халық наразылық білдірді.

Қазіргі уақытта қылмыстық құқық бұзушылық ҚК 24-бабының 3-бөлігі, 120-бабының 4-бөлігі “Баланы зорлауға оқталу” бойынша қайта біліктілендірілді. Күдікті қамауға алынды. Барлық жағдайлар анықталуда. Жәбірленушінің жағдайы қанағаттанарлық. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды.

Іс Түркістан облысы ПД басшылығының бақылауында.