Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

"Қайтып келмесе екен...": "Күлпаш" өміріндегі қиындықтарды еске алды

"Мен қатты қорықтым. Тіпті шифонердің, үйдің есігін ашып қалсам, Берік асылып тұратын секілді болатын", - деді әйелі Қарлығаш.

"Қайтып келмесе екен...": "Күлпаш" өміріндегі қиындықтарды еске алды
Фото: Aman Tasygan LIVE YouTube арнасынан

"Шаншар" театрында өнер көрсетіп, кейін "Шымкент шоу" арқылы танылған актер Берік Тұрсынбеков қызықты оқиғаларын баяндады, деп хабарлады paryz.kz, "Ең алғашқы" бағдарламасына сілтеме жасап.

Өзінің айтуынша, ол мектепте тәртіпті балалар қатарында болыпты. Үйде де тәртіп бұзбаған. Мұны ұстаздары мен бауырлары растайды. Гуманитарлық пәндерді жақсы оқыған. Абайдың өлеңдерін жатқа білген. Домбыра тартып, мектептің іс-шараларына белсене қатысыпты.

"Менен үлкен Серік деген ағам болды. Ол өте сотқар еді. Ауылдың  бандиті десем де болады. Оны бұзықтығы үшін әкем үш күндеп үйден қуып жіберетін еді. Мен, керісінше, тәртіпті едім. Үйде інім мен қарындастарым бұзықтық жасаса, мен таяқ жейтінмін", - деп күледі актер.

Берік Тұрсынбеков қыз үшін таласып, төбелескен кезін де жасырмады.

"Бірде театрда жұмыс істеп жүргенімізде әнші қыз келді. Өзі әдемі еді. Жігіттердің бәрі жақсы көрді. Мен сөйлесіп жүрдім. Сөйтсем, ол бәрімен сөйлесіп жүр екен. Оның ешкімге сезімі жоқ. Адам болған соң араласып жүрген. Ал жігіттердің ойымыз басқа. Сөйтіп әнші жігіт бар еді. Сол екеуміз қызға таласып төбелестік. Бір-біріміздің көзімізді көгерттік. Өзіміз ішімдік ішіп алғанбыз. Кейін достасып кеттік", - дейді әзілкеш.

Тұрсынбеков 33 жасында қиындыққа тап болып, күйзеліске де түскен. Оған не себеп болғанын өзі де білмейді.

"Берік ауыр күндерді бастан кешті. Отбасы да, әріптестері де білген жоқ. Өте қиналды. Оған не себеп болғанын сол күйі білмей кеттім. Ол туралы айтпайды. Мен қатты қорықтым. Тіпті шифонердің, үйдің есігін ашып қалсам, Берік асылып тұратын секілді болатын. Ол кезеңнен өттік. Қайтып келмесе екен деймін. Елдің сөзі, өсегі әсер еткен шығар деп ойлаймын", - деді әйелі Қарлығаш.