Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

«Балаларды әлімжеттікке төзбеуге, егер қысым жасалса арнайы маманға жүгінуге үйрету керек» - депутат

Жастар арасында «әлімжеттік туралы айтуға болмайды, таяқ жегеніңді айту ұят» деген сынды қылмыстық өткені бар түсініктерді жою керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Аралбайұлы айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Балаларды әлімжеттікке төзбеуге, егер қысым жасалса арнайы маманға жүгінуге үйрету керек» - депутат
фото: inform.kz

«Бүгінгі депутаттық сауалымызда қазақ елінің қабырғасын қайыстырған қайғылы жайттардан бастауға мәжбүрміз. Қаралы ақпараттар легін осында отырған баршаңыз естіп білдіңіздер. Оқушылар марқұм (Алматы облысы Кеген ауданында) болды, олардың өліміне қатысты күдікті ретінде ұсталған да оқушы болып шықты. Мамандардың паймынша, әлімжеттіктің көбеюінің бір себебі пандемия уақытында онлайн оқыған оқушылардың кейін ортаға еркін бейімделіп кете алмауына қатысты. Қазір соның салдарын көріп отырмыз. Бірақ, бұл жағдай мәселенің бір қыры ғана. Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік туралы айтсақ, Өскеменде 17 жасар колледж студентін мектеп оқушылары бірнеше рет жабылып ұрған. 15 сәуірде Семей қаласында жаттығудан шыққан кәмелет жасына толмаған қызды бір топ қыз жабылып сабаған. Қызылорда облысында 9 сынып оқушысын 5 бала аяусыз соққыға жыққан. Ауыр жарақат алып миы шайқалған оқушы аудандық аурухана жатқызылды. Тізе берсек, дерек көп», - деді Н. Аралбайұлы ҚР Премьер-Министрі мен ҚР Бас прокурорының атына жолдаған сауалында.

Осы орайда ол Бас прокурордан аталған істерді қатаң бақылауға алып, айыптылардың жазадан құтылып кетпеуін қадағалауды сұрады.

«Әлімжеттік фактілерін біле тұра жасырып қалған қызметтегі азаматтар да жазаға тартылуы керек. Оған қоса, балаларды қорлап жатқан кезде араша түсудің орнына сол әрекеттерді бейнетаспаға түсіріп, жариялаған адамдарды да жазалау қажет. Заң бойынша айыпты деп танылған балалардың ата-аналарымен де тиісті жұмыстар қамтылуы керек», - деді депутат.

Сонымен қатар Н. Аралбайұлы Премьер-Министрге жолдаған ұсынысында мектептегі буллингтің алдын алу үшін псхиологтардың санын арттырып, тиісті жағдай жасау қажет екенін айтты.

«ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген типтік штатқа сәйкес, мектептерде ең көп дегенде 2 психолог қана жұмыс істей алады. Ал бізде үлкен мектептердің саны артты. Мәселен, 4 мың бала оқитын мектептегі екі психолог кімге жетеді, кіммен сөйлесіп үлгереді?! Бір психологқа 250 оқушыдан келетіндей нормативтік өзгерістер жасау керек», - деді ол.

Оның пайымынша, мектептерде әлеуметтік осал топтағы отбасылармен, қолдауды қажет ететін оқушылармен жұмысты үйлестіретін әлеуметтік педагогтердің де санын арттыру қажет. Бастауыш сыныптарға, орта буынға және жоғары сыныптарға жекелеген әлеуметтік педагогтердің болуын қарастыру керек. Сонымен қатар, жұмыс ерекшелігін ескере отырып, әлеуметтік педагогтердің жалақысын қайта қарастырған дұрыс.

«Мектепте арнайы инспектор болғанда ғана іштегі тәртіптің жақсаратынын тәжірибе көрсетті. Сондықтан мектеп инспекторларын қайтару керек. Балаларды әлімжеттікке төзбеуге, егер қысым жасалса арнайы маманға жүгінуге үйрету керек. «Арыздауға болмайды, таяқ жегеніңді айту ұят» деген сынды қылмыстық өткені бар түсініктерді жою керек. Оқушылардың театр сынды мәдени орталықтарға ақысыз бару тетіктерін қарастыру қажет. Оқушының сабақ үстінде ұялы телефон ұстауын шектеу керек. Ата-аналар да үйде баланың гаджеттерді шектен тыс қолдануына жол бермеуі қажет», - деді депутат.