Алматыда мешіт тазалаумен айналысқан оқушыға имам велосипед тарту етті, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Оқушының анасы Алатау ауданына қарасты Дархан мешітінің тазалығына жауапты болған. Мұратбек есімді оқушы жамағаттың таза жерде намаз оқуын өз мойнына алған.
«Мұратбектің анасы мешіт тазалайды. Мешітіміз таза боп тұратын болса, соның ішінде Мұратбектің 50 пайыз үлесі бар. Тарауыққа шығып бара жатқанда үнемі бір жағдай қайталанатынын көремін. Басқа балалардың шашып жүрген нәрсесін бұл жинап жүреді. Ол да бала ғой. Анасының шаңсорғышына су құйып алып, астына қарай түсіп келе жатады. Астыңғы қабатты тазалау үшін біз намаз оқып болғаннан кейін келеді», - деді Дархан мешітінің имамы.
Дін қызметкерлері Мұратбек есімді оқушының жасаған ісі балалар тұрмақ, ересектерге де үлгі екенін айтты.
«Біздің істей алмай жүргенімізді істеп жүр. Сосын Қадір түнінде бір бүлдіршінді қуантсақ деп ойландық. Кейде ол да балалармен ойнап кетеді. Анасы «әй» деген кезде, өзін жиып алып тазалыққа қайта кіріседі. Дәретхананы да осы бала тазалап жүр. Алла Тағала разы болсын», - деді оқушыға бағалы сыйлықты тарту еткен мешіт қызметкері.