Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Үлкен сый жасады»: астаналық келіншек төрт айлық қызына бауырын бөліп берген жанға алғысын білдірді

Астана тұрғыны Бекарыстан Нұрланұлы досының төрт айлық қызына донор болып, өз бауырын бөліп берді. Кішкентай Әсия есімді сәбиге осынау күрделі операцияны түркиялық дәрігерлер жасады. Сәбидің анасы Ұлбосын Төребекқызы операцияның қалай өткенін, операциядан кейінгі Әсия мен донор жігіттің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Paryz.kz KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

«Үлкен сый жасады»: астаналық келіншек төрт айлық қызына бауырын бөліп берген жанға алғысын білдірді
Фото: әлеуметтік желіден

Әсия былтыр 30 қарашада Астанада дүниеге келген. Анасының айтуынша, туғанда Әсияның денсаулығы қалыпты жағдайда болыпты.

"Екінші күні балада сарғыштық байқалды. Одан кейін бізді үйге шығарды. Үйде емделдік, 10 күнде билирубин қайтадан жоғарылап, ауруханаға түстік. Одан кейін бір жарым айлық кезінде өт жолын ашуға арналған операция жасалды. Онда дәрігерлер "барлығы жақсы, өт жолы ашылды" деді. Кейін гепаталогтың бақылауында болдық. Одан қайтадан қан талдаулары нашарлай бастады. Балалар ауруханасында ем алып жүріп, жағдай қиындай түсті. Гепатолог қызыма "цирроз" деген диагноз қойды. Қазақстанда балаға үш айға дейін операция жасалмайды екен.

Ауруханада біз негізгі ауруымызды емдемей, профилактикалық шараларға мән берілді. Содан біз жағдайдың қиындап бара жатқанын түсініп, шетелге жүгініп, баланың анализдерін жібердік. Диагностика жасалды. Бізді Түркиядағы клиника мамандары шақырды, Олар балаға шұғыл операция қажет деген соң, бір күннің ішінде жолға шығып кеттік. 11 наурыз күні Антальяда толық диагностикадан өттік", - дейді ол жағдайды баяндап.

Айтуынша, Әсияға донор болуға келіскен бірінші адамның бауыры сәйкес келмеген.

"Қайтадан донор іздедік. Сөйтіп күйеуімнің мектеп кезінен бірге келе жатқан, пікірсайыстарға, дебаттарға бірге қатыскан досы Бекарыстан Аманжолов бізге донор болуға келісімін берді. Оның бауыры Әсияға сәйкес келді. Бекарыстан екі күннің ішінде Антальяда МРТ-дан өтіп, өз еркімен, бір баланың өмірін сақтасам деген ниетімен өмірін тәуекелге тігіп, бізге үлкен сый жасады", - дейді Әсияның анасы.

Ұлбосын өзінен желіде "Досының баласына бауырын қалай берді?"- деп сұрап жатқан жандар көп екенін айтады.

"Бауыр өзі бір ай көлемінде қайтадан қалпына келе алатын жалғыз орган екен. Дәрігер де донордың өміріне қауіп төнбейді деп сендірді. Десе де қаншама күрделі операциядан өту керек болғандықтан, осы қадамға бару - батырлық. Осылай досымыз бізге үлкен қолдау көрсетті. Қазіргі таңда жағдайы жақсы, ал Әсияға екінші ота жасалды. Трансплантацияланған бауыр тамырларының өткізгіштігі байқалмай соған байланысты қосымша операция жасау керек болды", - дейді сәбидің анасы.

Операция жалпы 8 сағатқа созылған.

"Таңғы сегізде басталып, төрЛ шамасында донорды алып келді. Одан кейін 4 сағаттан соң Әсияны реанимацияға шығарды. Жалпы дәрігерлердің айтуы бойынша техникалық жағынан бәрі сәтті өтті. Енді бәрі бір Алланың қолында", - дейді ол.

Қазіргі таңда Әсия реанимациядан палатаға ауыстырылды, ал донор болған Бекарыстан Нұрланұлы клиникадан шықты. Әсия дәрігерлердің айтуы бойынша ауруханада бір айдай болуы мүмкін. Осы сәтті пайдаланып, Әсияның ата-анасы емге қажет қаражатты жинауға үлес қосқан қазақ еліне, өздеріне қолдау көрсеткен барша жанға алғыс айтады.