Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

«Елімді қатты сағындым». Қазақ қызы АҚШ-тағы өмірі туралы айтты

АҚШ-та 5 бала тәрбиелеп, кәсібін дөңгелетіп отырған Жансая бұл елге алғаш рет 20 жасында келген. Ол "мұнда түбегейлі көшемін, америкалық жігітке тұрмысқа шығамын" деп мүлде ойламаған, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

«Елімді қатты сағындым». Қазақ қызы АҚШ-тағы өмірі туралы айтты
Фото: zhansayadixon инстаграм парақшасынан

Жансая Диксон - Қарағанды облысы Сарышаған ауылында туған. Кейін Балқашқа көшкен. Мектепті аяқтаған соң Қазақ ұлттық университетіне оқуға түскен, оқуды тәмамдаған соң 20 жасында Work and Travel бағдарламасы бойынша АҚШ-қа барған. Араға 2 жыл салып, 22 жасында тағы барып, сонда сүйіктісін кездестірген. Бұл кездесу өмірін түбегейлі өзгерткен. Себебі Америкада ол тек бақытын емес, өзін тапқандай сезінеді. 

Қазақстандық ару алғашында АҚШ-та қаламын деп ойламаған. Оның айтуынша, 3 ай Work and Travel бағдарламасы бойынша Америкада болғанда елде дұрыс саяхаттап үлгермеген. Ол кейін өзіне "қайтып келемін, Американың түкпір-түкпірін көремін" деп уәде берген.

"Мен жолдасыммен Америкадағы ойын-сауық орталықтарының бірінде таныстым. Ата-анамнан ерте айырылдым, сондықтан әкемнің туған інісінің қолында өстім. Күйеуге шығарда олар іштей қарсы болған шығар, бірақ бетіме келіп ешкім наразылық танытпады. Мүмкін туған баласы болмаған соң, "сол жақта аман-есен жүр ғой, бізден көмек сұрамайды, өз күнін өзі көреді, қалауы білсін" деген шығар. Қарсы болып, көп сөйлеп, күлгендер де болған шығар. Айтса айта берсін, ең бастысы - олар менің балаларымды асырап отырған жоқ. Сондықтан олардың сөзін елемеймін", - дейді ол. 

Жансая қазір үйде, балаларының тәрбиесімен айналысады. Оның балалары - кәсіби модель. Олар GAP, Carters, Ralph Lauren сынды әлемдік брендтермен жұмыс істейді. 

"Қазір 5 баланың анасымын. Балаларым кішкентай кезінен модель болып жұмыс істейді. Бірақ оған жұмыс ретінде қарамаймыз, балабақша сияқты. 3-4 сағат ішінде 20 минут қана суретке түседі. Оның ішінде тамағын береді, ойнатады. Балаларыма өте оңай, оларға ұнайды. Бұл іспен айналысатын бала өте көп. Бізге агент шығып, қандай жоба барын айтады. Сол бойынша келісімшартқа отырып, жұмыс істейміз. Америкада көпбалалы болғаның үшін жәрдемақы төлемейді. Тек ата-ананың біржылдық табысы 40 мың долларға жетпесе, мемлекетке көмек үшін жүгінуге болады", - дейді ол.  

Жансая баласын сән әлемінде дамытқысы келетін америкалық аналарға көмектеседі. Оның Momager клубы бар. Онда ол түрлі мүмкіндіктерді бөліседі. Оның үстіне, ол - блогер. Instagram-парақшасында 93 мыңнан аса оқырманы бар.

"Әзірге өзіме тиесілі кәсіп жоқ. Жолдасым екеуміз ашқан кәсіп бар. Негізі Америкада кәсіп ашу оңай, бірақ ол үшін ширақ болу керек, ештеңеден қорықпау керек", - дейді ол.  

Жансаяның айтуынша, оның балалары әлі анасының туған жерін көрмеген. Ол туған жерін қатты сағынғанын айтты. 

"Өкінішке қарай, балаларым қазақша сөйлемейді. Тек үлкен қызым аздап түсінеді. Кенже балама әкемнің есімін қойдым. Америкада қайтыс болған адамның есімін беруге болмайды, сондықтан ортаңғы есіміне Асқар деп қойдым. Қазақстанға барғым келеді. Елімді қатты сағындым. Бұйырса биыл жазда жоспарлап отырмыз. Бірақ оның барлығы ақшаға тіреледі ғой", - дейді кейіпкер.