Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Лақтырып кетті!": қызылордалық шаруалар облыс әкімдігіне жиналды (ВИДЕО)

"...Бірақ, құрметті кәсіпкерлер, бекітілген бюджет бар, қазір заңды түрде биылғы 730 млн-нан артық ақша жоқ", - дейді Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

"Лақтырып кетті!": қызылордалық шаруалар облыс әкімдігіне жиналды (ВИДЕО)
Видеодан скриншот

Қызылордада шаруалар мемлекеттік субсидиядан қағылып отыр. Шығыннан онсыз да көз ашпай отырған шаруа қожалықтарының басшылары жауап іздеп, облыс әкімдігіне барды, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Олардың сөздеріне қарағанда, мал азығына бөлінетін көмекақы әділетсіз бөлініп жатыр. 730 млн теңгелік қаражаттың дені Шиелі ауданына тигені шаруалардың күдігін тудырған.

Жалпы, Сыр өңірінде субсидия жырына бірнеше жыл болған. Шаруалардың айтуынша, малдың жем-шөбіне соңғы 5 жылда көк тиын берілмепті. Негізі, аймақтағы қожалықтарға биыл 730 млн теңге бөлінген екен. Алайда ол электронды форматта үлестірілген. Шаруалар осыған наразы. Сөздеріне қарағанда, желтоқсанның 14 күні ашылған жүйе бір минутқа жетпей жабылып қалған. Дені құжаттарын да тіркеп үлгермепті.

"Әрі кетсе 10 секундқа жеткен жоқ. База ашылды да, салып үлгермедік, жабылып қалды. Белгілі бір топ отырған сияқты, беретін адамдарына беріп. Жас балалар келіп айтып жатыр, қалған адамдарына вирус жібереді екен. Бот дей ме, хакерлер сияқты ұйымдасқан немелер отыр", - дейді шаруа қожалығының иесі Ербол Нұрманбетов.

Қолына субсидия тиген шаруалар да бар. Бірақ олардың басым көпшілігі - Шиелі ауданынан. Электронды бұл бөліс басқа аудан қожалықтарының күдігін тудырды.

"Дым әділдік жоқ деп есептеймін. Әділеттілік - нөл! Өйткені бір аудан 80 процент алды деп жатыр. Қазір келіп бөлді де, бізге үміт беріп қойды. Біз уже ол ақшаны жұмсауды жоспарлап қойғанда, артынан өтірік алдап, лақтырып кетті", - дейді шаруа қожалығының басшысы Рүстембек Сәрсенбаев.

Шаруалар субсидия мәселесін білу мақсатында облыс әкімдігіне келді. Өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықовадан жауап талап етілді. Ақыры әкім шаруалармен кездесті.

"Ауыл шаруашылығы министрлігімен сөйлесейін. Нормативті өзгертуге болатын болса, әлі де кеш болмаса, қазір көрейік. Бірақ, құрметті кәсіпкерлер, бекітілген бюджет бар, қазір заңды түрде биылғы 730 млн-нан артық ақша жоқ", - деді Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Ал "әділетсіз бөлінді" деген субсидия мәселесімен арнайы комиссия айналысатын болды. Облыс әкімі "Қызметтік тексеру жүреді" деген уәде берді. Шаруалар болса, құзырлы органдарға арызданамыз деп отыр.