Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Маңғыстау облысының тұрғындары наразылыққа шықты (ВИДЕО)

Жетібай тұрғындары президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа видеоүндеу жолдады. Олар үндеуде жоғары биліктен мәселеге араласуды, өздерін қудалауды тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосына сілтеме жасап.

Маңғыстау облысының тұрғындары наразылыққа шықты (ВИДЕО)
Фото: azattyq.org

"2022 жылғы қаңтардың аяғынан бастап жұмыс сұрап, талап қойып келеміз. Алайда мәселеміз толығымен шешілмей тұр. Осылай жұмыссыздық мәселесімен бейбіт ереуілде тұрғанымызға бүгін екінші күн болады. Қойған талабымыз әлі күнге дейін шешімін таппай жатыр. Бір ғана талап қоямыз – "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ және соған қарасты мердігер мекемелерден бөлінетін жұмыс орындарының 70 пайызы Қарақия ауданы Жетібай әкімшілігіне тікелей берілуі керек" делінген жетібайлықтардың 28 наурыздағы үндеуінде.

Бұған қоса, бейбіт ереуілде тұрғандар қудаланып жатқанын да айтты. Сейсенбі, 28 наурызда ереуілде тұрған адамның үйіне полицей келіп, әкімшілік құқықбұзушылыққа қатысты қаулы шығармақ болған.

Жетібайлық жүздеген тұрғын мұнай кенішіне баратын жолды жауып тұр. Екі күннен бері ереуілдетіп тұрған жұрт автокөлікте қонып, далада түнеп жатыр. Кенішке жақын тұратын жетібайлықтар ол жерден бөлінетін радиацияның зардабын тартып келе жатқанын, сондықтан тұрақты жұмыс ең әуелі өздеріне берілуі керегін айтады.

Ереуілдетіп жатқандар компания өкілдерімен, жергілікті басшылармен келіссөз жүргізген. Әзірше олар қанағаттанарлық нәтиже жоқ. "Сондықтан талап толық орындалмайынша, ереуіл тоқтамайды" дейді наразылар.

Қарақия ауданына қарайтын Жетібай кенті облыс орталығы – Ақтау қаласынан 75 шақырым жерде. Жетібайда "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамына қарасты "Жетібай", "Шығыс Жетібай", "Оңтүстік Жетібай" мұнай-газ кәсіпшіліктері бар. Кентте 20 мыңға тарта адам тұрады.

Жетібайдағы жұмыссыздық мәселесі бұған дейін де жиі көтерілген. 2014 жылы тұрғындар өздері комиссия құрып, жұмыссыз адамдардың тізімін де жасаған. Бірақ мәселе толық шешілмей келеді.