Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Адамдық қасиет қайда кеткен?»: мейрамда тегін таратылған тамақты жұрт көшеге төгіп кеткен

Әлеуметтік желілерде Наурыз мейрамын тойлаған жұрттың тегін таратылған тамақты көшеде шашып кеткені туралы бейнежазба тарады, деп  хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап. 

«Адамдық қасиет қайда кеткен?»: мейрамда тегін таратылған тамақты жұрт көшеге төгіп кеткен
Коллаж: Azattyq Ruhy

Видеода оқиғаның Алматыда болғаны айтылады.

Бейнежазбадан қоқыс жәшігінің маңында шашылып жатқан нан кесектері мен ыдыстардан ақтарыла төгілген көжені көруге болады. Бұл көрініске ашуланған әлдебір ер адамның айналадағы жұртқа ұрсып жатқаны естіледі.

«Адамдық қасиет қайда кеткен? Қай жерге барсаңыз да, осындай сұмдықты көруге болады? Нанды аяқтың астында сонша таптап жатырсыздар, бұл сонда тойынғанның белгісі ме? Бұл не деген сұмдық?!» - деп ер адам ашына айғайлады.

Жұрттың көбі бұл жайтқа самарқау ғана көз тастап өтсе, енді бірі видеоға түсіріп жатыр. Ал көже ішіп тұрған бірлі-жарым тұрғынның ер адамның сөзінен соң ыдысын қайда тастарын білмей сасқалақтап қалғанын аңдауға болады.

Автордың әлеуметтік желіге жүктеген видеосы бірден миллиондаған қаралым мен жүздеген пікірге ие болған.  

Желі қолданушыларының бірі «Бәлкім, тегін тамақ таратуды тоқтату керек шығар», «Сатып алғанда ғана нан қадірін біледі», «Қоқысты бұлай тастап кеткендерге айыппұл салу керек, сонда надандық, ысырапшылдық тоқтайды» деп халықты жазғырса, енді бірі «Халықтың көп жиналатынын білетіндіктен, неге үлкен жәшіктер қоймаған?,» «Үлкен мерекелерді қаланың сыртында ұйымдастыруды қолға алу керек» деп кінәні ұйымдастырушыларға артады.