Прямая трансляция

Астана

Астана

-15.03°C

Қызылорда облысында ауыл тұрғыны онлайн казино ойнатқан

Ойын орнынан алынған 5 компьютер құрылғыcы, модем және кассада болған 42 мың теңге ақша мемлекет пайдасына тәркіленді.

Қызылорда облысында ауыл тұрғыны онлайн казино ойнатқан
Фото: ашық дереккөз

Қызылорда облысының Арал аудандық соты заңсыз ойын ұйымдастыруға қатысты қылмыстық іске шешім шығарды, деп хабарлады paryz.kz, Қаржы мониторингі комитетіне сілтеме жасап.

Қаржы мониторингі комитеті Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері анықтаған заңсыз ойын орны 2019 жылдың маусым айынан бастап жұмысын дөңгелеткен.

Арал ауданы Сексеуіл кентінің тұрғыны жалға алынған ғимаратта бір жыл көлемінде бірнеше онлайн казино бағдарламалары бойынша заңсыз ойындар ұйымдастырған. Облыс бойынша сот сараптамалары институтының компьютерлер жадына жасалған сот-сараптамалық зерттеулері анықтағандай, ел аумағында жоқ сайттар, интернет желісі арқылы онлайн казино бағдарламасына қосылуға мүмкіндік беретін сілтемелер, ойын орнында әкімші  және оператор болып жұмыс істеген азаматтардың телефон жазбалары барлық заңсыз әрекеттерді дәлелдеді.

Аудандық соттың үкімімен ҚР ҚК-нің 307-бабында қарастырылған қылмыстық әрекеттері үшін ("Ойын мекемесiн заңсыз ашу немесе заңсыз ұйымдастыру, құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу") заңсыз ойын ұйымдастырған азамат 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, пробациялық бақылау мен 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тарту тағайындалды.

Ойын орнынан алынған 5 компьютер құрылғысы, модем және кассада болған 42 мың теңге ақша мемлекет пайдасына тәркіленді.

Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті жыл басынан бері аталған бағыттағы қылмыстық істер бойынша 9 жүйелік блок, 75 монитор, 63 процессор, 3 телевизор, 6 модем және 9 ұялы телефонды айналымнан алды.