Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

"Денесінің сау жері жоқ": бір топ бұзақы 19 жастағы жасөспірімді өлімші еткен

Жігіт алдымен Баянауыл аудандық ауруханасының реанимациясына, содан кейін Екібастұзға жеткізілді.

"Денесінің сау жері жоқ": бір топ бұзақы 19 жастағы жасөспірімді өлімші еткен
Фото: tengrinews.kz

Павлодар облысында бір топ жігіт Көкдомбақ ауылының 19 жастағы тұрғыны Аңсаған Сәдуақасовты аяусыз соққыға жыққан, деп хабарлады paryz.kz, tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға 15 желтоқсаннан 16 желтоқсанға қараған түні жас жігіт қонаққа келген әжесінің үйінің ауласында болған.

"Аңсаған дәретханаға жеңіл киініп шыққан кезде олар үйдің ауласында шабуыл жасап, есінен танғанша ұрып тастаған. Шабуылшылардың төртеу болғанын білеміз. Олардың екеуі - кәмелетке толмағандар. Барлығы біздің ауылдан. Жігіттердің бірі ініммен қақтығысып қалған. Олардың арасында не болғанын біз білмейміз, бірақ, олар інімді өлтіре жаздады. Оны суықта өлім аузында қалдырды", - дейді жәбірленушінің немере әпкесі Айнұр Садуова.

Жәбірленуші еңбектеп үйіне жеткен. Туыстары жедел жәрдем шақырды. Жігіт алдымен Баянауыл аудандық ауруханасының реанимациясына, содан кейін Екібастұзға жеткізілді. Дәрігерлер оған мидың шайқалуы, бас миының зақымдануы сияқты көптеген жарақат диагнозын қойды.

"Олар оның аяғын, екі қолын, мұрнын сындырған. Аңсағанның денесінде сау жері жоқ. Кеше қолына ота жасады, бүгін тағы бір ота жасалды", - дейді Садуова.

Қыздың айтуынша, төбелеске қатысқандардың бәрі ұсталған.

"Бұл жігіттердің ата-аналары келіп, кешірім сұрады. Ақша ұсынды. Сатып алғысы келген шығар. Бірақ біз кінәлілерді заң бойынша жазалауды талап етеміз. Інім - отбасындағы жалғыз ұл. Қыркүйек айында әскерден оралған. Спортпен шұғылданады. Қоян-қолтық ұрыстан жетістіктерге жеткен. Оқиды, жұмыс істейді", - дейді қыз.

Өңірлік Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір зардап шегуші Екібастұз ауруханасының травматологиялық бөлімшесінде жатыр.

"Жағдайы орташа ауыр. Орташа бас ауруы және операциядан кейінгі жаралардағы ауырсыну туралы шағымдары бар", - деп түсіндірді Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы.

Айта кетейік, бұл істі полиция тексеріп жатыр. Олар кейінірек оқиғаға түсініктеме беруге уәде берді.