Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Тәуелсіздік жастары "Көкшолақты" шырқап, секеңдеп жүр...

Instagram желісіне жастардан құралған Astana Musical Theatre деп аталатын театр өкілдерінің бір бейнежазбасы жарияланды. Видеода Тәуелсіздік күніне орай бір топ жас театр аты жазылған киім киіп, елодадағы халықаралық әуежайдың ішінде хормен ән айтып тұр. Олар тұрған орын - әуежайдың екінші қабатындағы жүргіншілер өтетін көрнекі жер әрі алдарына Мемлекеттік Туды іліп қойған. Ал "қызыл аймақтағы" қала тұрғындары пандемия кезінде беттеріне маска тағып, арақашықтықты да сақтамаған. Бұл - бергі жағы...

Тәуелсіздік жастары "Көкшолақты" шырқап, секеңдеп жүр...
Фото: ашық дереккөз

Бір қарағанда, талантты жастар Тәуелсіздік мерекесіне орайластырып патриоттық ән салып тұр ма деп ойлап қалуға да болады. Бірақ "әншілер" ұлық мерекенің құрметіне "Керім-айдай" мен "Көк шолақ" әнін шырқап тұр. Мұны қалай түсінуге болады?! Көздің қарашығындай болған Тәуелсіздікке қыз бен жылқыға арнаған әннің не қатысы бар?!

Елдің ертеңі деген, Тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келген жастардың 1986 жылы өздері сияқты өрімдей қыз-жігіттердің "Қазаққа қазақ қана басшы болсын!" деп алаңға шығып, елі үшін құрбан болған азалы күнінде шошаңдап тұрғандары - қай сасқандары?!

Өздерін кәсіби санап, "құйқылжыта орындап тұрмыз" деп ойлаған, бірақ 16 желтоқсанның түпкі мән-мағынасын түсінбейтін жастарды айыптамасқа шара да қалмады. Тіпті, сол концертті тамашалап тұрған халықта да ес жоқ. Біреуі барып жөнін айтса да болар еді. Оның орнына, ересектердің өзі телефондарын алып шығып, ыржалаңдап тұрған қазіргі жастардың сиқын видеоға түсіріп әлек.

Жас буынның қай уақытта қандай әнді шырқап, қандай сөз сөйлеу керектігін, әсіресе, осындай қасиетті мерекеде аруақтарды сыйлап, қазақтың ұлық мейрамын аяққа таптамаса да болар еді.

Желтоқсанда Алматы алаңындағы халықтың зары ішіне сыймаған ақын Әбдірахман Асылбеков пен композитор Әбиірбек Тінәлінің "Көңілде мұңлы із қалды..." дейтін "Желтоқсан желін", Есенғали Раушанов пен Лесбек Амановтың "Қарабауыр қасқалдақ" әнін естігенде, жанарға ыстық жас үйірілетін еді. Ал мына жастардың сол күнді қызға қырындап, жылқы мінген "жағасы жайлаудағы" жұрттың бейнесі арқылы елестетіні – үлкен қасірет.

Тіпті, қайғылы желтоқсанды айтпағанның өзінде, бұл - біреуге қылжақтайтын да күн емес. Бұл – бабалар аңсаған ұлы мұрат жолындағы қастерлі дата!

Осындай масқараны біздің халық қана емес, әуежайдағы шетелдіктер, әлеуметтік желідегі дос та, дұшпан да көрді. Сол себепті, "қатты састым, бетті бастым" бола ма десек, олай емес екен. Осы видеоның астына өңшең жастар қол шапалақтап, "тамаша", "керемет" деген пікірлер қалдырып, видеоны бірінен соң бірі бөлісіп жатыр.

Сонда біз осы уақытқа дейін дүмбілез, дүбәра жастарға көрген-білгенін көңілге дұрыс түйе білуді үйрете алмаппыз. Ұлттығымызды ұлтарақ етіп келген қайран 30 жыл!..

Ердәулет СЕРІК