"Мысалы, мен бір топ адамды жинап, оларды "оппозиция" деп жарияласам, болмайды ғой...", - дейді ол.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда осы уақытқа дейін нақты ұсыныс жасайтын оппозиция болмағанын мәлімдеді, деп хабарлады paryz.kz, Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
"Оппозиция болуы керек. Бірақ ол конструктивті оппозиция болуға тиіс. Неге "конструктивті" деп отырмыз? Себебі біз әлі жас әрі тәуелсіз мемлекетпіз. Барлығы әлі толық қалыптасқан жоқ. Сосын айналамызда ірі көршілеріміз бар. Олар да ықпал ете алады. Тұрақсыздық орнаса, осы уақытқа дейін қол жеткізген нәрсеңнен әп-сәтте айырылып қаласың", - деді Назарбаев, "Штрихи к портрету" деректі фильмінде.
Осы орайда Елбасы биліктің мықты вертикалін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, биліктің вертикалі болмаса, идеяны да, реформаны да іске асыру мүмкін емес. Дау-дамайлар мен митингілер көбейеді. Бәрін сол жерде жүріп шешуге тура келеді.
"Ал саяси оппозиция мемлекеттің өсуімен бірге қалыптасады. Оны қолдан жасай салуға болады. Мысалы, мен бір топ адамды жинап, оларды "оппозиция" деп жарияласам, болмайды ғой. Біздің еркін әрі демократиялық мемлекет екенімізді түсінемін. Олай болса, әртүрлі ой мен пікір болуы керек", - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Оның пікірінше, оппозиция мен сын болса, олар нақты ұсыныс жасауы керек.
"Мынаны дұрыс істемедіңіз, оны былай жасау керек деп айтса дейсің. Оппозиция деген сол. Бір үстелге отырып, бәрін талқылауға болады. Бірақ бұндай оппозиция болған жоқ", - деп түйіндеді ол сөзін.
Айта кетейік, "Штрихи к портрету" деректі фильмінің алғашқы бөлімі 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күніне орай көрсетілген болатын.