Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Қостанайда сотталғандар Тәуелсіздік мерекесін "тойлаған"

Мұндай шараларды әдетте мектептерде, жоғары оқу орындарында өткізсе, орынды емес пе? Ал сотталған жандардың "Өз елімді мақтан етемін" деуіне есі дұрыс үлкендер түгілі, мектептегі балалар сенер ме екен?

Қостанайда сотталғандар Тәуелсіздік мерекесін "тойлаған"
Фото: ашық дереккөз

Енді санаулы күндерден кейін табалдырықтан аттайтын қасиетті мейрам - Тәуелсіздің мерекесін бүкіл қазақ жұрты болып ерекше толғаныспен қарсы алғалы отырғанымыз айқын. Оған кең байтақ еліміздің түкпір-түкіпірінде өздерінің қал-қадірінше дайындалып та жатыр. Алайда, бір өкініштісі, бізде көптен бері қалыптасқан жаман әдет бар.  

Мұны өзіндік дәстүрге айналған десе де болады. Ол - біздегі кейбір шенеуніктердің "осы сәтті пайдаланып, бір көзге түсіп қалайын" деген өзіндік қулықпен жап-жақсы дүниені біржолата бүлдіріп тынатындығы. Мұндайлар "бояушы-бояушы дегенге, сақалын бояйды" дегендей асыра сілтеп, талай жұртқа ұятқа қалмаса, көңілдері көншімейтін сыңайлы.

Мәселен, Қостанайда бұл мерекеге дайындық көз көріп, құлақ естімеген "жаңалықпен" басталды. Онысы өзге мекемелер құрып қалғандай, Тәуелсіздік мерекесіне дайындықты осындағы қарапайым тілмен айтқанда, сотталған әйелдер отыратын түрмеде, яғни әлгіндей әйелдер жазасын өтейтін колонияда өткізіп, айды аспанға бір-ақ шығарыпты. Мұндағы әртүрлі қылмыспен жазасын өтеп жатқан жандардың арасында онлайн түрінде "Өз елімді мақтан тұтамын!" деген атпен таланттар конкурсын өткізген. Біреулері проза түрінде, екіншілері поэзия тілімен шығарма жазған. Бұл шараны жергілікті кейбір баспасөз жерден жеті қоян тапқандай, бір шулатып тастады. Тіпті бірді-екілі таланттар айрықша көзге түсіп те қалыпты.

Енді бір ойланып көрелікші. Өз елімен, Отанымен мақтану секілді қасиетті сезімді көрсетуге арналған сайысты өзге мекемелерде емес, дәл осы аты да жаман, заты да жаман, мұндағылардың барлығы дерлік неше түрлі адам естімеген қылмыс жасап, біреулерге моральдық та материалдық зиян, тіпті, азап көрсеткен жандардың арасында өткізу қаншалықты қисынға сыяды? Сонда олар әлгіндей қылмысты өзі тұрып жатқан елінде жасауы махабабат сезімін білдіре ме? Бұл қылмысты да сол үшін жасаған ба?

Мұны енді мерекені тойлау емес, ашықтан-ашық мазақ ету демеске амал жоқ. Мұндай шараларды әдетте мектептерде, жоғары оқу орындарында өткізсе, орынды емес пе? Ал сотталған жандардың "Өз елімді мақтан етемін" деуіне есі дұрыс үлкендер түгілі, мекептегі балалар сенер ме екен? Осы жерде "Өз елімді мақтан тұтамын!" деген дүдәмал дүниелерден гөрі, сотталғандар "Күні ертең бостандыққа шыққанда қалай өмір сүремін? Өз елімнің лайықты азаматы болу үшін не істей аламын?" деген сауалдарға жауап іздеген шығармалар жазса, әлдеқайда пайдалы да қисынды болмай ма?

Ал енді дәл осындай асыра сілтеушіліктің неге апарып соғарын білмеген аталмыш конкурсты ұйымдастырушы - осындағы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлеріне не деуге болады? Бір қызығы, мұндай шаралар бірнеше жылдан бері өткізіліп жүрген көрінеді. Және бұған бір апта бойы дайындалып, жеңімпаздар мұқият іріктеледі екен. Ерекше көзге түскендері ескерткіш дипломдар мен сыйлықтарға да ие болады.

Мінекей, алдағы Тәуелсіздік мерекесін "Қостанайша тойлау" деген дәстүрлі шаралар осындай. Айтпақшы, мұндай асқан белсенділіктің өзге өңірлерде де орын алып жаптасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Мұны бір білсе, тек Әділет министрлігі ғана біледі. Олар мұндайдан мүлдем хабарсыз болып, тек жергілікті жерлердің ашқан "жаңалықтары" болса, әңгіме басқа. Ал енді мұны министрліктегілер біліп отырып, үндемесе, оған ешбір алып-қосарымыз жоқ. Олар Тәуелсіздіктің қадірін осылайша түсінетін шығар.

Жайберген БОЛАТ