Бұдан соң Бауыржан Байбек екінші сатушы әйелді мойнынан қапсыра құшақтап алды да, әлгіге сұқ саусағын шошайтты...
Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Шымкент қаласында базар аралап жүрген видеосы жарияланды, деп хабарлады paryz.kz.
"Шындықты айтатын адамдарды жақсы көреміз, сериозна, маладес!" - деді бір сатушы әйел жұдырығын түйіп. Байбек бұған риза болып қалды. Сатушының жанына тағы екі әйел қосылды.
"Нұр Отанға" дауыс бересіңдер ме?" - деді сол кезде Байбек, "сериозна" деген әйелдің білегінен қысып қойып. Ал әлгі әйел: "м-ә-ә, вапше зор, жақсы негізі!" - деді.
Бұдан соң Бауыржан Байбек екінші сатушы әйелді мойнынан қапсыра құшақтап алды да, әлгіге сұқ саусағын шошайтып: "Нұр Отанға" дауыс бересіңдер ме?" - деп тағы сұрады. Әйелдер "береміз! береміз!" деп шу ете қалды.
Осы кезде Байбек құдды Шымкенттің базарында күнде жүргендей, "жақсы жұмыс істедіңдер" деді де, әйелдермен "қимай қоштасып": "Бақытты болыңдар!" - деді. Олармен бірге суретке түсуді де ұмытпады.