Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Жаңаөзенде белсенділердің қамалуына наразылар әкімдікке жиналды

"Егер қамау керек болса, полиция неге "Солтүстік Қазақстан жері - Ресейдікі" деген ресейлік депутатқа шара қолданбайды? Биліктің күші тек қарапайым халыққа ғана жетеді", - деп әкім орынбасарының сөзіне наразы болды.

Жаңаөзенде белсенділердің қамалуына наразылар әкімдікке жиналды
Фото: дереккөз

Бүгін Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдына он шақты адам жиналды. Олар бір күн бұрын ұсталған белсенділер туралы ақпарат беруді талап етті. Бұған қоса, 16 желтоқсанда Жаңаөзен құрбандарын еске алу үшін орталық алаңға жиналып, құран бағыштайтынын ескертті, деп хабарлады paryz.kz, Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Жексенбі күні жаңаөзендік екі белсенді Мұратбай Жұмағалиев пен Нұржан Нәреновтің 7 күнге қамалғаны жайлы ақпарат тараған еді. Кей ақпаратқа қарағанда, олар әлеуметтік желіде Тәуелсіздік күні алаңға келіп, "Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып, құран бағыштайтынын" жазған. Дүйсенбі күні әкімдік алдына жиналған адамдар "оларды не үшін қамады, билік түсіндірсін!" деп талап етті.

Әкімдіктен Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Аманғали Нұрдәулетов және қала прокуроры Ермек Елубаев шықты. Олар "екі белсендінің халықты митингіге шақырып, заңға қайшы әрекет жасағаны" анықталғаннан кейін Әкімшілік кодекстің 488-бабының 7-тармағы бойынша іс қозғалғанын айтты. Кейінірек сот олардың әрқайсысын 7 тәулікке қамаған. Олардың айтуынша, Жаңаөзендегі изоляторларда орын жоқ болғандықтан, Жұмағалиев Ақтау қаласына, Нәренов Түпқараған ауданының изоляторына қамалған.

Ал тұрғындар:

"Бұл шешіммен келіспейміз. Егер қамау керек болса, полиция неге "Солтүстік Қазақстан жері - Ресейдікі" деген ресейлік депутатқа шара қолданбайды? Биліктің күші тек қарапайым халыққа ғана жетеді", - деп әкім орынбасарының сөзіне наразы болды.

16 желтоқсан - Қазақстан тәуелсіздігі күні. Бұл күн Қазақстанның жаңа тарихында тағы екі оқиғамен байланысты аталады. Осыдан 34 жыл бұрын дәл осы күні Кремльдегі билік Геннадий Колбинді советтік Қазақстанға басшы етіп тағайындағаннан кейін қазақ жастары Алматының орталық алаңына жиналып, наразылық танытқан. Совет билігі жастардың бейбіт митингісін күш қолданып, басып-жаншыған. Митингіден кейін жүзге тарта адамды жауапқа тартып, соттаған, жұмыстан шығарған.

Ал 2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған.