Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Қарттар үйіндегі зейнеткердің жанайқайы: «Қудалайтын болса, бөлмемде асылып өлемін»

Астанадағы Қарттар үйінде тұратын 65 жастағы Айжан Ахметова орталықтың асынан уланып, үш жылдан бері әрең шыдап келгенін айтады, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.

Қарттар үйіндегі зейнеткердің жанайқайы: «Қудалайтын болса, бөлмемде асылып өлемін»
Коллаж: halyq uni

Ол 2018 жылы бірде-бір жақыны болмаған соң «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына келген. Алғаш келгенде бұл жерде өмір сүрудің екі жолы бар екенін ұққан: бірі – іште болып жатқан заңсыздықтарға көз жұма қарап, тіс жармау, екіншісі – шындық үшін күресу. Алайда, кейіпкеріміз екінші жолды таңдаған адам «ұзаққа бармайтынын» айтады.

Тіпті, осыдан бірер жыл бұрын орталық қызметкерлері Айжан Ахметованы әлдекімге қосып, еркінен тыс тұрмысқа беріп жібермек болыпты. Одан қалды, денсаулығы нашар адамға көгерген ет пен қатқан нан берген орталық қызметкерлеріне әбден ашынған ана арада бес жыл өткен соң шындықты айтаға бел буған. Зейнеткер егер орталыққа тексеру жүргізілмей, өзін қудалайтын болса, мекемеден тек табытпен шығатынын ескертіп отыр.

«Тамаққа шандыр салады, еттің безін қосады. Көзі көрмейтін кісілер соны жейді. Мен де бір кездері сол етті жеп уланып қалғанмын. Тек ас бергенде тамағымызға дұрыс ет салады. Сорпасы сылдыр су, салқын. Гастроэнтеролог маған күніне 5-6 рет тамақ ішу керегін айтады. Ал мен жей оны алмаймын, себебі тамақ жетпейді. Таңнан кешке дейін тоқашпен шай ішемін. Директорымыз Асхат Алмабеков асханамызды тексермейді. Директордің арнайы бөлмесі бар, сол жерде тамақтанады. Олардың тамағы біздікіндей емес. Ал аспаздар жұмыс уақытында ішімдік ішеді. Директорға айтсам, сенбейді. Бізді “үшінші сорттағы адамдар” деп санайды. Журналистер келгенде тек орталықты мақтайтындарды сөйлетеді. Мен сияқты шындықты айтатын кісілерді шығармайды. Министрліктен тексеру келгенде асханада шырынға дейін болады. Олар кеткеннен кейін баяғы әдетіне басады. Қызметкерлер бізге тиесілі азық-түлікті ұрлап, үйіне алып кетеді», - дейді ашынған Айжан Ахметова.

Кейіпкеріміз бұған дейін өзіне қол салмақ болғанын жасырмады. Мұндай жағдайға орталық басшысының бұрынғы орынбасары Ардақ Бейсембайқызы жеткізгенін айтып отыр. Сонымен қатар басшының бұрынғы орынбасары Қарттар үйіндегі аспаздарға тамақ істетіп, өз үйіне әкетіп отырғанын жеткізді.

«Медбикелер жаңа жылдың алдында жалақысын ала алмай, дау болды. Өйткені бұл жерде шындық айтылмайды. Еңбекақысын жеген. Қаншама азық-түлік ұрланып жатыр. Орталық басшысының бұрынғы орынбасары Ардақ Бейсембайқызы заңгер бола тұра, заң бұзды. Гүлзира деген аспазға хабарласып, тамақ істетіп, үйіне әкетіп отырды. Жалғыз ол емес, ондай кісілер тағы да бар. Мен шындықтан қорқпаймын, тек Алладан қорқамын. Басқалар да айтқысы келеді, бірақ қорқады. Өйткені Қарттар үйінде әділдік жоқ. Тісі жоқ адамдарға қатқан пряниктер береді. Айтсақ, "суға салып жеңдер" дейді. Мен мұнда 5-6 рет тамақтан уландым, қанша рет жыладым. Ешкім ештеңе демейді. Бір рет бөлмемде асылып өлемін дегенмін, өйткені Ардақ Бейсембайқызы сондай жағдайға жеткізді. Орталыққа тексеру жүргізілмей, бассыздық жалғаса берсе, бұл жерден өлігім шығады», - дейді Айжан Ахметова.

Кейіпкеріміз Қарттар үйіндегі іздеушісі жоқ жандар мейірім мен жылулыққа мұқтаж екенін айтады. Тіпті, уақытылы дәрі-дәрмегін де ала алмай жүргендер бар екен. Күнінен 5-6 рет тамақтана алмайды. Өйткені тамақ жетпейді. Зейнетақысы – 23 мың теңге.

Айжан Ахметова 24 жасында жесір қалған. Одан кейін тұрмысқа шықпаған. Кейін баласымен жалғыз қалған келіншекті бауырына басып, жалғыз қалмаудың жолын жасаған. Бірақ ол келіншек те бір жылдан кейін теңін тауып, бөлек кеткен. Ата-анасы мен туған ағасы дүние салған соң, зейнеркердің Қарттар үйінен басқа барар жері болмаған.