Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Мемлекет мектеп асханаларына талапты күшейтуіне байланысты асхана иелері наразы

Мұғалімдер мектепті "оқушылардың екінші үйі" деп атайтыны мәлім. Алайда ата-аналар сол "екінші үйде" балаларының не ішіп, не жеп жүргенін біле бермейді. Сондықтан кейінгі жылдары жұртшылықтың, қоғам белсенділерінің күш салуы арқасында мемлекет мектеп асханаларына қатысты талаптарды біршама күшейтті, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет мектеп асханаларына талапты күшейтуіне байланысты асхана иелері наразы
фото: smi24.kz

Дегенмен, қалалардың барлығында бірдей мектептер бастауыш сынып оқушыларын жергілікті бюджет есебінен тегін тамақтандыра бермейді. Біразында білім ордалары осы мақсатта ата-аналардан ақша жинайды.    

Олқылық жаңа оқу жылында түзетілуі мүмкін. Жаңа Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қазақстанның барлық өңірінде бүкіл бастауыш сыныптар үшін тегін тамақтандыруды енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

"Балалардың дамуы үшін сапалы тамақтандыру ерекше маңызға ие. Сондықтан балаларды тамақтандырумен қамтамасыз ету номативтерін қайта қарау, бастауыш сыныптардың барлық оқушыларына бір реттік тегін ыстық тамақ ұсыну жоспарланған. Асханаларда қолма-қолсыз есептесу жүйесін енгізу қарастырылады", – деді министр.

Айтқандай, оның жолашары, экс-министр Асхат Аймағамбетов 2023 жылдың басынан мектеп асханаларындағы бағаны арзандатуға уәде берген. Алайда балалар жаңажылдық каникулдан оралғанша, биылғы жылдың бірінші жұмыс аптасында ол тосыннан қызметіне кетті. Ендеше бұл уәдені орындау немесе одан бас тарту жауапкершілігі де енді Ғани Бейсембаевқа артылады.

Өйткені сөз берген министр кеткенімен, соған арқау болған проблема қалды. Дегенмен оны шешу үшін бастапқы қадам жасалды. 2023 жылдан бастап тамақтандыруды ұйымдастырудың жаңа қағидалары күшіне енді, олар қызмет жеткізушілермен, яғни мектеп асханаларын жалдаушылармын жаңа келісімдер бекіткенде қолданылады. Қағидалардың қатаң орындалуын пәрменді бақылау, кемшіліктері анықталса, нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру маңызды.

"Мектеп буфеттеріндегі өнімдер таяу дүкендегіден екі есе қымбат тұратын жағдай жиі кездеседі. Үзіліс қысқа болғандықтан, балалар дүкендерге сауда жасау үшін барып келіп үлгермейді. Бұдан былай мектеп асханаларындағы баға нарықтық орташа бағаға сай қалыптастырылатын болады. Бұл ретте мемлекеттік сатып алу порталындағы деректер базасы және статистика органдарының мәліметтері негізге алынады. Бұл асханаларда бағаның тым жоғары белгіленуінің алдын алуға мүмкіндік береді", – деген болатын Асхат Аймағамбетов.

Ол алда тек бағалар ғана емес, сондай-ақ мектептің мәзірі де қатаң реттелетініне сендірген еді. Бұған қоса, балалардың мектепте не жеп жүргенін ата-аналардың бақылауына жол ашылатынын жеткізген.

Жалпы, салаға қатысты кәсіпкерлер де көп сын айтады. Осы бизнеспен айналысатындар бюрократияға, тендерлердің ашық өтпейтініне, кәсіптің табыстылығының төмендігіне шағымданады. Мысалы, биылғы қыста ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты бастауыш сынып оқушылары апталап қашықтан оқытуға жіберілді. Кейбір әкімдіктер кәсіпкерлерге нақты орындалған жұмыс үшін төлейді.

Бизнес өкілдері оқушылардың тамақтануын ұйымдастыруға арналған тендерлердің талаптарын да күрделі санайды. 

"Қағидалар бойынша 351–650 аралығындағы оқушылар санына тамақтандыру қызметтерін ұсыну үшін штатымда 1 аспаз бен 3 асүй қызметкері болса, жеткілікті. Бірақ тендерде жеңіп шығу үшін барынша көп балл жинауым қажет. Бұл үшін штатымда төртінші разряды бар 5 аспаз, диетолог, өндіріс меңгерушісі, техникалық маманданған 3 асүй жүмысшысы, яғни барлығы 10 жұмыскерім болуы керек. Әйтпесе, тендерде жеңімпаз атануыма мүмкіндік қалмайды. Сонымен бірге маған іс жүзінде небары 1 аспаз және оған көмектесетін 3 жұмысшы жетеді. Бірақ мен қалған жетеуін жұмыстан шығарып жібере алмаймын. Өйткені қағидаларда нақты жазылғандай, жеңгеннен және келісім бекіткен соң мен тендер кезеңінде ұсынылған жұмыскерлердің сандық және сапалық құрамын қатаң сақтауға тиіспін", – деп түсіндірді кәсіпкер Әйгерім Сейітова.

Осылайша, ойын ережелері микро және шағын бизнесмендерге өз шығындарын оңтайландыруға өріс қалдырмайды екен.

Тағы бір кілтипан: қағидалардағы қызмет жеткізушіні таңдау критерийлерінде кәсіпкерге бір тендерге ұсынған қызметкерлерінің құрамын басқа тендерде қайталап ұсынуына тыйым салынған.   

"Бизнесімізді дамыту, ең құрығанда жұмыспен қамтылып, табыстылықты сақтау үшін мысалы, бірден 4 және одан көп тендерге қатысамыз. Оларда жеңеміз бе, жоқ па, оны нақты білмейміз. Әрбір қызмет жеткізу лоты үшін жеке тендер өткізіледі. Оның әрқайсысына толық құрамын және дербес деректерін көрсетіп, 10 жұмыскерден ұсынуға тиіспін. Сонда жалпы алғанда 4 тендер үшін менің штатымды кем дегенде 40 адам болуы қажет. Біз сияқты шағын бизнеске, жеке кәсіпкерге осындай штат ұстап тұру қиын. Бұл асханалар желісінің, ірі фирмалар мен ЖШС-лардың мүдделерін ілгерілету үшін жасалған ба деген күдік, күмән туады", – деді кәсіпкер Ә.Сейітова.

Негізі, бұл салада көптеген проблема қордаланғаны құпия емес. Неге екені белгісіз, бұрынғы министр Аймағамбетов оны шешуге тек кетерінің қарсаңында ғана кірісті. Мысалы, ол мектеп асханалары мен буфеттеріне қолма-қолсыз есеп айырысуды сол бойы енгізе алмады. Салдарынан, оқушылар гигиенаны сақтамайды: микроб пен бактерияларға толы купюраларды, шақаларды ұстап, есептескен соң балалар сол қолымен бәліш, пицца және басқасына жармасады. Сөмке мен қалтадағы ұсақ ақша, монеттердің жоғалып қалу, немесе оны жоғарғы сынып оқушылары тартып алуы қаупі бар. Ал банктік картаның артықшылығы көп: оған қанша ақша салатынын, баланың қанша ақша жұмсай алатынын (лимитін) ата-аналар анықтайды, барлық шығынды көріп, қадағалай алады. Бала жоғалтып, не басқа балалар тартып алса, бұғаттап тастатқыза алады. 

Бұдан бөлек, әкімдіктер әмпей-жәмпейі бір бизнесмендерге асханаларды еш тендерсіз табыстаудың схемасын тапқан: әсіресе, жаңа бой көтерген мектептердің асханаларын МЖӘ тетігі негізінде өзімен серіктес жеке кәсіпкерлерге таратып береді. Оқу-ағарту министрлігі жергілікті білім басқармалары мен бөлімдері осы схемамен тым әуестеніп кеткені үшін сынаған болатын. Себебі, МЖӘ-ні дамыту деген сылтаумен қызмет жеткізу тендерлері ұйымдастырылмайды, асханалар 15 жылға дейін әлдебір кәсіпкерге беріліп қойылады.

Тізе берсе, осы шағын ғана сегменттің өзі таудай түйткілдерге толы. Жаңа министрдің оған тісінің батар-батпасы, тазартуда қандай қауқар қыла алатыны әзірге беймәлім. Әйтеуір балалар мектепке тәуір болып кіріп, ауру болып шығып жатпағаны жөн. Балалықты қорғау мемлекеттің тікелей парызы.