Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Алматыда шенеунік қызметкерлерін ұрып, ақша жинаған

Қалай дегенмен де басшыға шағымданып, 15 эколог арыз жазған. Бұл дауға қатысты әкімдікте бүгінде қызметтік тексеріс жүріп жатыр.

Алматыда шенеунік қызметкерлерін ұрып, ақша жинаған
фото: azattyq-ruhy.kz

Қарамағындағыларды балағаттап, ақша бопсалайтын тағы бір шенеунік пайда болды. Желіде Алматы әкімдігіндегі экология бөлімінің басшысы Қайрат Тоқтасыновтың дауысына ұқсас аудио хабарлама тарап жатыр, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Ол қатардағы қызметкерлерді қорқытып, ақша жинайтын көрінеді. Дөрекілігімен елді дүрліктірген оның әлеуметтік желі арқылы тараған бұл аудиожазбасы кейіннен өшірілген. Алайда көшірмесі ғаламторды әлі шарлап жүр. Дауыстың астында "Алматы қалалық экология бөлімінің басшысы Қайрат Тоқтасынов" деген жазу бар. Қаладағы экологтар басшыларының дауысын танығандарын айтады.

"Нұрсұлтан деген жігіттің әжесі қайтыс болып, бір күн жұмысқа келмегені үшін осындай айғай-шу шығарды деді... 1 желтоқсанға қарсы бізге премия берді. 60-70 мыңнан. Сол премияны алған кезде қоластында істейтін жігітке "бар да, аналардан 10 мыңнан жинап алып кел" депті. Ақша жинайтын бірінші күн емес, осы кісі жұмысқа келгелі бері ақша жинаумен келе жатыр", - дейді Әуезов ауданының бас экологы Ғалия Төлегенова. 

Қызметкерлердің айтуынша, Қайрат Тоқтасынов жай балағаттап қоймай, қарамағындағыларға жұдырық ала жүгіретін көрінеді. Бөлім бастығы аудиодағы дауыстың өзінікі екенін мойындады.

"Ол менің дауысым, иә. Бәрі клевета, оларды мен әлі сотқа беремін. Бұлардікі бір-ақ мәселе - менің орныма таласқалы төрт жыл болды. Мен тазамын. Қазір біреуді ұратын заман ба?" - дейді Алматы қаласы қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің басшысы Қайрат Тоқтасынов. 

Қалай дегенмен де басшыға шағымданып, 15 эколог арыз жазған. Бұл дауға қатысты әкімдікте бүгінде қызметтік тексеріс жүріп жатыр.

"Қызметтік тергеу аясында Қайрат Тоқтасыновтан түсініктеме алынды. Қазіргі уақытта аталған оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында экология және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің қызметкерлерінен жазбаша түсініктемелерді толық құрамда жинау жұмыстары жүргізілуде", - дейді "Алматы тұрғын үй" мекемесінің директоры Нұрғали Сырттанов.

Тергеу барысы туралы шенеуніктер ашып ештеңе айтпады. Ал нәтижесі алдағы аптада жариялануы тиіс.