Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде үш баланың анасына оқ тиіп, аяғынан айырылу қаупі бар

Мамашарипова Ажарға Қаңтар оқиғасы кезінде жараланып, денсаулығына зақым келген. 8 қаңтар күні сегізкөзіне оқ тиіп, сол аяғын жаралаған. Содан бері денсаулығы сыр берген үш баланың анасы аяғынан айырылып қалу қаупінде тұр деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде үш баланың анасына оқ тиіп, аяғынан айырылу қаупі бар
фото: Stan.kz

Ажар Даниярқызы 28 жаста. Алматы облысы, Қарасай ауданы, Іргелі ауылында тұрады. Үш баласы бар, кенжесі үш жаста. Бұрын математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген, бірақ Қаңтар оқиғасынан кейін қызмет етуге денсаулығы жарамайды. Жұбайы да жұмыссыз. 

Олар отбасымен сол кездегі елдің жағдайын жақсы білген, сол себепті үйде болған. Алайда 8 қаңтар күні оларға нағашы ағасына оқ тигені туралы хабар келіп, денесін мәйітханадан алып кетуді сұрайды. Ертерек алып кету керек дегендіктен, туыстары бірден жолға шығады. Ажардың айтуынша, олар екі көлікпен шыққан: біреуінде – жездесі, екіншісінде өзі болды.

№7-аурухананың жанындағы мәйітханаға барсақ, онда жоқ, “басқа мәйітханаға алып кетті” дейді. Сонымен Байтұрсынов көшесіне қарай кеттік. Мәйітхананы алғашында таба алмай, көшедегілерден сұрап таптық. Сол жерде тоқтай бергенімізде, көлікке оқ атыла бастады. Қашпақ болдық, бірақ маған оқ тиді – деді жәбірленуші.

Бес-он минуттан соң полиция көліктің артынан келген. Олар келіншектің жараланғанын көріп, өз көлігімен 7-қалалық ауруханаға жеткізді. Әйелдің айтуынша, оны компьютерлік томографияға түсірген кезде сегізкөзге оқ тиіп, оның қалдықтары сол аяққа шашырағаны анықталды.

Дәрігерлер сегізкөздің бетіндегі оқты алу үшін ота жасады. Бірақ ол аяғына тимеген екен. Мамандар аяқтағы оқ адам өміріне қауіп төндірмейді деп сендірген. Ажар ауруханада бес күн жатып шығып, үйге қайтады. Алайда содан кейін оның аяғы ауырып, мазалай бастады.

Ақылы негізде жеке клиникаларға бардым. Олар оқтың кесірінен артынан аяғың шіриді деді. Содан шұғыл ота тағайындалып, оқты алды. Бірақ аяқта оқтың қалдықтары әлі қалып қойған. Оны ешкім ала алмай жатыр – деді үш баланың анасы. 

Қаңтар құрбаны ем алу үшін екі рет Түркияға да барып келген. Ол несие алп, туыстарынан ақша сұрап, қарызға белшесінен батқанын айтады. 

Келіншектің қазіргі жағдайы мәз емес. Оның шетелдегі емі әлі аяқталмады, тағы да Түркияға бару қажет. Айтуынша, аяғының тамырлары тартылып, мазасын алады. Сондай-ақ, көп жүре алмайды әрі қимылдауға тыйым салынған. 

“Оқты ұршықтың ортасынан алғаннан кейін оның тайып кету қаупі бар. Сондықтан сақтық керек, қысым салмау қажет. Болашақта ол жерге протез қойылады деді. Невропатолог жылына үш рет реабилитациядан өту керек екенін айтты. Тұрақты массаж жасалып тұруы қажет. Қанша емхананың табалдырығын тоздырдым, бірақ жақсы нәтиже болмай жатыр. Онымен қоса, бәріне ақшам жетпейді”, – деді ол.

Оқ ату фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 451-бабының (Билікті асыра пайдалану) 1-тармағының 2-бөлігінде билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану негізінде іс қозғалған. Оның айтуынша, сотқа дейінгі тергеп тексеру жүріп жатыр және қорғаушысы мұнымен айналысуда. Оған “жәбірленуші” қағазы берілді. 

Ажар мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмегенін айтады. Ол “Қазақстан халқына” қорына үш-төрт мәрте хабарласқан, бірақ жауап келмеді. 

“Жергілікті әкімдік “көмектесеміз, ақша бөлеміз” деді, бірақ екі-үш ай болды, ешқандай көмек жоқ”, – дейді жарақат алған әйел.

Тіпті әйелге жәрдем қарастырудың орнына “біз саған алаңға шық деппіз ба?” деп ауыр сөз айтқандар да табылыпты.

Ол мүгедектік алу үшін де құжаттар тапсырған, бірақ оған көмектен бас тартылыпты.

Ажар “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша жұмыс істеп, баспаналы болған. Алайда денсаулығының нашарлауына байланысты жұмыс істемей әрі ақшасының бәрі емге кетіп жатқандықтан, үйінің несиесін төлей алмапты. Қазіргі таңда келіншектің банк шоттары бұғатталып, тіпті үйін тартып алмақшы болып жатыр екен.