Жамбыл облысында әжесінің қарауында қалған 2 жасар бала жоғалып кетіп, бүлдіршін полицейлердің көмегімен табылды, деп хабарлайды Paryz.kz ақпараттық агенттігі.
2023 жылдың 15 қаңтарында Қаратау қаласының полициясына 2 жасар баланың үйінен жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен. Баланың анасы оны әжесімен бірге қалдырып, дүкенге кеткенін, ал қайтып оралғанда оны үйінен таппағанын айтқан.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің басшылығы жедел түрде іздестіру іс-шараларын жүргізуге Қаратау қаласына барған.
Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 125-бабы 2-бөлігі 5-тармағымен (Адам ұрлау) сотқа дейінгі тергеу iсi басталды. Хабарлама түскен сәттен біз баланы іздеуге кiрiстiк. Iздестiру шараларына 80 полиция қызметкері, 50-ден астам еріктілер және ауданның қамқор тұрғындары жұмылдырылды. Біз қаланың әр бұрышын аралап, барлық жертөлелер мен үйлердің шатырларын қарадық. Ең басты тiлегiмiз баланы тірі және сау табу болды - деді Талас АПБ ЖПҚб кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік инспекторы полиция капитаны Жанғали Көпжасаров.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бала мешіттен табылып, Талас ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілген. Медициналық тексеру барысында баладан ешқандай жарақат белгілері анықталмаған.
Полиция қызметкерлерімен анықтау жұмыстары барысында анасы болмаған кезде таныс әжелер пәтерге келіп, алкоголь ішкенi белгілі болды. Баланың қатты жылағанын естіген пәтер қонақтарының бірі қатты мас күйінде оны көрпеге орап, жақын маңдағы мешітке апарған. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізілуде - делінген хабарламада.