Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Өскеменде қарызға белшеден батқан зауыт қызметкерлерді жұмыссыз қалдырды

Өскеменде білдей бір зауыт басшылығының жүйесіз әрекетінен жұмысшылар жалақысын уақтылы ала алмай, соңы аштық жариялауға дейін барған. "Востокмашзавод" акционерлік қоғамы соңғы үш-төрт жыл көлемінде қарызға батып, соның салдары қарамағындағы еңбек адамдарына тиіп жатыр. Зауыттағы келеңсіздіктер тағы бір ірі кәсіпорын қызметкерлерін жұмыссыз қалдыруға жақын деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Өскеменде қарызға белшеден батқан зауыт қызметкерлерді жұмыссыз қалдырды
фото: Stan.kz

Белгілі болғандай, 2019 жылы заңды келісімшарт негізінде аталған зауыт цехтарының біріне осы "Евромед" ЖШС-ның филиалы орналасқан.Ірі кәсіпорын дегеніміз – "Евромед" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Тұрғындар сөзінше, білікті мамандармен жасақталған іргелі емхана. Алайда "Востокмашзавод" АҚ басшылығымен болып жатқан бітіспес соттасу талай жұмысшының обалына қалуда.

Бірақ арада небәрі екі жыл өткенде жасалған келісімшартқа қарамастан зауыт басшылығы (Востокмашзавод) сотқа жүгініп, белгісіз себептермен ғимаратты өзіне қайтарып алуды жөн санайды. Жұмысшылар мен дәрі-дәрмек сатып алушылардың ығыры мен дығырын шығарған мазасыз шақ осы кезде басталады. 

Өткен жылдың жазында тау-кен байыту өндірісінен бастап, ауыр техникаларға қажет жабдықтар мен бөлшектер құрастыратын зауыт цехтарының бірі саудаға қойылды. "Востокмашзавод" АҚ-ның инженерлік-техникалық шаралар цехын сату үшін аукцион ұйымдастырылды. Электронды аукциондағы бастапқы баға 80 миллион теңгені көрсетті. Ал осындай саудаға қатысу мүмкіндігіне ие болу үшін 12 миллион теңге көлемінде кепілді жарна енгізу қажет. Негізінде, бұл цехтың зауыт жұмысына бәлендей қатысы жоқ, бар болғаны дене шынықтыру-сауықтыру кешені ретінде спортты серік еткендерге есігін айқара ашқан. Бірақ кәсіпорындағы жұмыстың ауырлығына қарамастан, күрделі кезеңдердің өзінде "Востокмашзавод" ғимараты қалпын сақтап келді. Тек сонда доп теуіп, жаттығу жасап жүрген жігіттер душ үнемі істен шығып, жуыну кезінде ыңғайсыз болатынын айтып жүретін.

"Востокмашзаводтың" өзі, дәлірек айтсақ, оның акцияларының басым көпшілігі былтыр "ВМЗ-Инвест" компаниясына сатылды. Мұндай қадамды "Қазақстантеміржолы" Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамына қарайтын "Қамқор" жөндеу корпорациясы" ЖШС-ның бұрынғы қожайыны жасапты. Тереңіне үңілсек, "ҚТЖ-ның" өзі "Самұрық-Қазына" АҚ-ға бағынысты. Құрамында бес жұмысшысы бар. 2020 жылдың жазында ресми тіркелген жаңа фирманың басшылығына "Запчасть" АҚ (Жамбыл облысындағы ірі көлік құрастыру кешені), "ASTRA Steel" ЖШС және Денис Хегай келді. 

2021 жылдың қаңтар айында Өскемендегі зауытта жалақы бойынша қарыз 50 миллион теңгеге жетіп, жұмысшылар аштық жариялаған кезде жергілікті билік жаңа инвестор (Денис Хегайды меңзеген) жағдайды оңалтады деп жар сала айтты. Ал бюджет алдындағы қарыз 500 миллион теңгені көрсеткен.

“"ҚТЖ-ға" құйылған қаржы қомақты еді. Вагон құю бойынша жаңа өндіріс ашылса да, толық қуаттылықпен жұмысын жалғастыра алмады. Қордаланған мәселе көбейіп кетті. Күрделі жөндеудің жүргізілмегеніне талай болды, жабдықтардың 80 пайызы істен шыққан. Соңғы жылдары миллиард теңгеге дейін шығынға баттық”, – деген еді бұған дейін өткен жиында "Востокмашзавод" АҚ атқарушы директоры Қанат Қалиев.

Ғимарат іші көптен бері жөндеу көрмеген. Футзалдан жарыстар өткізілгенде қатысушылар суықтан дірдек қағып жүгіріп жүретін. Атқарушы директор брифинг кезінде былықтан шығып, мемлекет алдында жиналған қарыздан құтылу үшін қанша уақыт кететіндігін нақтыламаған еді. Бір сөзінде "жалақы мәселесі тағы шығып қалмаса екен" деп алаң білдіргені бар. Өкінішке қарай, сол секемі шындыққа айналды. Жарты жыл өткенде жұмысшылар тағы да аштық жариялап, айлық уақтылы төленбеген соң Президенттен көмек сұрауға оқталғандары жасырын емес. 

Жұмысшылардың айтуларынша, Денис Хегай келгелі де жағдай оңалмапты. 

“Бізден талап еткен тапсырма-нұсқаулықтарды екі етпей орындаймыз. Жұмыс – ауыр. Бірақ еңбекті бағалап, ақшамызды уақтылы алып отырсақ, бұған да көндігер едік. Қысқасы, зауыт әлі де батпақтан шыға қоймаған”, – деді Диас Мамырбаев (аты-жөнін өзгертіп беруді өтінді.

Инвестор Өскеменге жеткен бойда бірден тапсырыс берушілерді тауып, өндірісті толық қуаттылықпен іске қосып, қарыздан құтылатындығын айтып сендірген болатын. Ал кәсіпорынның салық қамытын қашан шешетіні жөнінде жақ ашпады. 

Қарызды жабуға қомақты қаржы керек

"Евромед" емханасының күндізгі бөлімі орналасқан емдеу-сауықтыру қызметкерлері де "Востокмашзавод" АҚ сотта жеңіп шықса, жұмыстарынан айырылулары ғажап емес. Қала тұрғындарының басы ауырып, балтыры сыздаса ауруханалардан бұрын, бірден "Евромедке" баратындығы айтылып та, жазылып та жүр. Ал екі тарап арасындағы сот барысы бір жақтың басымдығымен жалғасып келеді. 

Осының барлығын ескерсек, облыстық соттың бірінші сатысындағы сот пен аппеляциялық алқасы сатып алушылардың ақшасын қайтару қиынға соғады деп келісімшарттың заңды болғанын растады. Обалы кәнеки, Жоғарғы сот пәрменінен кейін жаңадан бекітілген сот құрамының пікірі өзгеріп сала берді.

"Евромед" ЖШС директоры Ольга Виноградованың сөзінше, кассациялық шағымды қарастырған соң сот бірінші сатыға сәйкес және аппеляциялық инстанция қаулысының шешімін болдырмай, құжатты тағы бір қарау үшін ШҚО облыстық сотына жіберген. 

“Аталған кассациялық шағымға назар аударған ҚР Жоғарғы сотындағылар істің анық-қанығына үңілеміз деп, керісінше, шектен шығып кетті деп санаймыз. Нақты айтсақ: өндірісті тоқтату туралы тізімдеме актісін жарамсыз деп мойындау, жарамсыз өндіріспен жасалған сауда-саттық қорытындыларына келіспеу білдірілмеді және ол күшіне еніп қойды. Мұндай жағдайлар сол адамдар қатысатын басқа да азаматтық істерді қарау кезінде тағы да дәлелденбейді ғой”, – деді ол.

Апелляциялық сатыдағы сотта қайтадан қарау кезінде сот бірінші сатыдағы шешімнің күшін жойып, "Востокмашзавод" АҚ мүлікті сату кезінде дебиторлық берешек, сондай-ақ есеп айырысу шоттарында қаражат болғандығы туралы бухгалтерлік анықтама берді деген шешімін алға тартты. Бірақ шотта ақша болғанның өзінде мемлекеттік кірістер комитетінде инкассалық өкім бойынша өзінен-өзі қарыз ретінде сызылып кетер еді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, "Востокмашзавод" АҚ-ның қарызға белшеден батқаны 2019 жылдың қаңтарынан қараша айына дейінгі аралықта байқала бастады. Барлық қарызды жабу үшін екі миллиард 181 миллион теңге қажет болған. Дәл сол уақытта "Востокмашзавод" АҚ-ның бухгалтерлік балансында ешқандай берешек болмаған, ал есеп айырысу шотында ақша тым аз еді. 

“Осы ғимаратқа қол жеткізу үшін "Евромед" басшылығы несие алды. Бүгінде соттың барлық кезеңінен өтіп, ең соңғы, бірақ көңілге қонымсыз шешімді естідік. Соған байланысты "Евромед" емханасы көптеген бағыт бойынша халыққа толыққанды стационарлық көмек көрсететін өңірдегі жалғыз жеке стационар бола тұра мүліктік кешеннен айырылмақ”, – деді Ольга Виноградова.

"Евромед" ЖШС сауда кезінде қол жеткізген ғимаратын қайтарып, түксіз қалғалы тұр. Қызметкерлері жұмысынан айырылып, емхана өміршеңдігін ұзартуға талпынады. Зауыт ғимаратты қайта иелігіне алған соң қарыздың бір бөлігінен құтылу үшін тағы саудаға қоюы мүмкін.