Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Жол салмаса да жол талғамайтын көлік алатын әкімдерді тексеру керек

Елге белгілі қоғамдық ұйымдардың бірі арнайы зерттеу жүргізіпті. Өңір-өңірдегі ауыл әкімдерінің қазына қаржысын қайда жұмсайтындарын анықтаған.

Жол салмаса да жол талғамайтын көлік алатын әкімдерді тексеру керек
Фото: ашық дереккөз

Әкімдердің бюджет қаржысын қайда жұмсайтыны белгілі болды. Қоғамдық ұйым жүргізген тәуелсіз зерттеуіне сәйкес, атқамінерлер әуелі қызметкерлерінің жалақысы мен қызметтік көліктеріне шығындалады екен. Ал содан артылып қалған ақшаны жол, су, аурухана салуға жұмсайды, деп хабарлады paryz.kz, Еуразия бірінші телеарнасына сілтеме жасап.

Елге белгілі қоғамдық ұйымдардың бірі арнайы зерттеу жүргізіпті. Өңір-өңірдегі ауыл әкімдерінің қазына қаржысын қайда жұмсайтындарын анықтаған.

Ауыл әкімдері әуелі қоластындағы қызметкерлерінің айлығына, қызметтік автокөлігіне, әкімшілік ғимаратының жөндеу жұмыстарына шығындалады екен. Ал өңірдегі жұмыссыздардың санын азайту, жол, су, әлеуметтік, медициналық көмек сынды салаға жергілікті бюджеттің ең аз бөлігі жұмсалады.

Алайда ысыраптың көкесін мемлекеттік сатып алу сайтынан көресің. Сондағы сандарға сенсек, Маңғыстау облысының әкімі келер жылға қызметтік көлігін 40 млн теңгеге жалдамақшы. Таңғалдырудан бас қала да жалықпайды. Бұдан да бұрын хабарлағанымыздай, елордадағы Алматы ауданының әкімдігі мұз қалашығын салуға 80 млн теңгесін санап отыр.

"Індет кезінде бәрімізде белгілі бір қанағат болуы керек. Ақшаны үнемдеп жұмсайтын кезге келуіміз керек. Бұл, әсіресе, билікке қатысты", - дейді саясаттанушы Дос Көшім.

Осы ретте саясаттың жілігін шағып, майын ішкендер мұнда "бармақ басты, көз қысты" әрекеттердің бары анық дейді.

"Пәрменді экономикада есепсіз шығын болмайды. Сондықтан құқық қорғау органдары кейбір мемлекеттік субъектілерді қайта тексеріп, оларға ысырапты айтып, жемқорлық фактілерін анықтауы керек", - дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Осылайша, атқамінерлер жол салмаса да жол талғамайтын көлік алады. Алайда әкімдердің бәрін жемқор не қазына қаржысын оңды-солды жаратады деуден аулақпыз. Адалы да бар. Мәселен, Ақтөбе облысындағы Талдысай ауылының әкімі бюджеттің көк тиынын да сұратпай, өңірге 4G байланыс желісін орнатқаны белгілі. "Әкім бол, халқыңа жақын бол" деген осы шығар.