Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

2023 жылы әйелдер қалай 2 миллион теңгеге жуық ақша ала алады? Декреттік төлем мен оның тәртібі

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап максималды декреттік төлем мөлшері 1 852 200 теңге болады, деп хабарлайды Paryz.kz ақпараттық агенттігі Informburo.kz сайтына сілтеме жасап.

2023 жылы әйелдер қалай 2 миллион теңгеге жуық ақша ала алады? Декреттік төлем мен оның тәртібі
Фото: ken-zhyloi.kz

2022 жылы декреттегі аналардың жәрдемақы алу мерзімі ұзартылды. Осы өзгеріске сәйкес бала күтіміне берілетін жәрдемақы бір жастан бір жарым жасқа дейін өсті. Биыл дүниеге келген балалардың жәрдемақысы автомат түрде 6 айға созылады.

№1 Декреттік демалыс қалай тағайындалады?

Декреттік демалыс пен әлеуметтік төлем алу үшін дәрігер, бөлім меңгерушісі немесе акушер-гинеколог беретін жүктілік пен босану бойынша аурухана парағы болуы тиіс. Кейін осы парақтағы мерзімді көрсетіп жұмыста өтініш жазады. Аталған өтініш пен аурухана парағының негізінде декреттік демалыс туралы бұйрық шығады. Осылайша декреттік демалыс жүктіліктің 30 аптасынан бастап тағайындалады. Ал ядролық сынақ жүргізілген аумақтарда 27 аптадан бастап. 

Декреттік демалыс босанғанға дейін 70 және 56 – жалпы 126 күнтізбелік күнге созылады. 

№2 Әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін қандай құжаттар қажет?

Бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақыны алу үшін нәрестенің туған күнінен бастап 12 ай ішінде кешіктірмей құжаттарды ХҚКО-ға өткізу қажет. 

Өткізетін құжаттар тізімі: 

  • өтініш;
  • жеке куәлік;
  • баланың туу туралы куәлігі;
  • банк шотының нөмірі;
  • қамқоршылық органы берген сот шешімінен үзінді (баланы асырап алған жағдайда);
  • нотариус куәландырыған сенімхат (құжаттарды үшінші тұлға тапсырса).

№3 Біржолғы декреттік төлемді алу үшін қандай құжат қажет?

  • өтініш;
  • жеке куәлік;
  • жүктілік және босану бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы;
  • банк шотының нөмірі.

Жеке кәсібі бар аналар мемлекеттік тіркеу туралы құжат пен салық төлеушінің дербес шотынан есеп айырысу туралы үзінді көшірме ұсынуы тиіс. 

№4 Бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы мөлшері қандай?

Бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы:

  • бір, екі және үшінші балаға – 38 АЕК – 131 мың теңге;
  • төрт және одан көп балаға – 63 АЕК – 217 350 теңге. 

Әйел адам егіз немесе үшем босанса, жәрдемақы әр сәбиге бөлек төленеді. 

№5 Бала күтіміне берілетін жәрдемақылар

2022 жылдан бастап бала күтіміне берілетін жәрдемақы бір жастан бір жарым жасқа дейін ұлғайтылады. 

Бала күтіміне берілетін жәрдемақы мөлшері:

  • бірінші балаға  – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге;
  • екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге;
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге;
  • төртінші және одан көп балаға – 8,9 АЕК немесе 30 705 теңге.

№6 Босанғанға дейін жұмыс істеген әйелдер жәрдемақысы қалай есептеледі?

Баласын босанғанға дейін жұмыс істеген әйелдердің жәрдемақысы соңғы екі жылдағы табысына қарай есептеледі. Бұл үшін екі жылдағы жалпы табысты 24-ке бөліп, шыққан санды 0,4-ке көбейту керек. Кейін зейнетақы жарнасы ретінде 10 пайызын алып тастайды. 

Мысалы, әйел адамның соңғы екі жылдағы жалпы табысы 6 млн теңге болды делік. 

(6 000 000 \ 24) х 0,4 – 10% = 90 000

Ал мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға 56 794 теңге төленеді.

№7 Декреттік төлем қалай есептеледі?

Мұны egov.kz формуласы арқылы есептеуге болады. Алдымен, болашақ ананың орташа айлық табысы 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен асатын-аспайтынын анықтап алу керек. 2023 жылы ЕТЖМ мөлшері 70 мың теңгеге жетті. Яғни әйелдің жалақысы 490 мың теңгеден аспаса, айлық табысын еңбекке жарамсыз болған күндерінің коэффициентіне көбейтіп, 10 пайызды (зейнетақы жарнасы) алып тастаймыз. 

Еңбекке жарамсыздық коэффициентін анықтау үшін декреттік демалыс күндерін отызға бөледі. 126 күн декреттік демалыс алса, онда коэффициент 4,2-ге тең. Мысалы, болашақ ана ай сайын 300 мың теңге жалақы алып келді делік. 

(300 000 x 4,2) – 10% = 1 134 000

Орташа айлық табыс 490 мың теңгеден асса, тек 7 ең төменгі жалақы есепке алынады. 

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап максималды декреттік төлем көлемі 1 852 200 теңге болады.