Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Шошқа дауына қатысты министрліктің шешімі шықты

Заң бұзған кәсіпорынға қатысты 11 әкімшілік іс қозғалып, 3 әкімшілік хаттама толтырылған.

Шошқа дауына қатысты министрліктің шешімі шықты
фото: Азаттық радиосы

Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылындағы шошқа фермасында болған дауға қатысты Экология министрлігі шешім шығарды. Ол кәсіпорынның жұмысы бойынша экологиялық заңнаманы өрескел бұзушылықтар анықталды, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады paryz.kz, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Ағынды суды тазартуға арналған жабдықтар жоқ, өзеннің қатты ластануы байқалады. Ағызу Байбақты өзенінің арнасына тазартусыз жүзеге асырылған. Топырақ сынамаларының химиялық талдауы 26 мыңнан аса шаршы метр алаңда ластаушы заттардың концентрациясының артуын көрсетті. Сонымен қатар, 40 мың бас шошқаға арналған мал шаруашылығы кешенінде 51 мыңнан астам бас болған", - делінген хабарламада.

Департамент анықталған экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін кәсіпорынға қатысты 11 әкімшілік іс қозғады. Сондай-ақ, сұратылған мәліметтерді беруге кедергі келтіргені үшін 3 әкімшілік хаттама толтырылды.

Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта, кәсіпорынның қоршаған ортаға келтірген залалдарының сомасы есептеліп жатыр. 

Тағы да оқи отырыңыз: "Арандатушыларға жол бергізбейміз": Оңдасын Оразалин "шошқа дауына" байланысты тапсырма берді

Еске салайық, 19 қарашада Бестамақ ауылының 80-нен астам тұрғыны шошқа фермасын жабуды талап етіп, наразылыққа шыққан болатын. Таралған видеоға қарағанда, тұрғындардың кәсіпорынды жабуды талап еткенін аңғаруға болады. Олардың айтуынша, шошқа қалдығы өзен суына ағып жатыр. Тағы бір видеодан жол талғамайтын көлік наразы топтан қашып, қақпаны қиратып өткенін көруге болады.

Содан кейін Бестамаққа әкімдігінің экологтары, санэпидбақылау қызметкерлері шықты. Комиссия құрылып, оған ауыл тұрғындары да кірді, тексеру басталды.