Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Оқ бас сүйегін шашып жіберген: Бас прокуратура 12 жасар Сұлтанның ісін тергеуді тоқтатты

Бас прокуратура Қаңтарда Алматы қаласында оққа ұшқан 12 жасар Сұлтанның қазасын тергеуді тоқтатты, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі. Бұл жөнінде Азаттық радиосына оның анасы Гауһар Кәрімбекова мәлімдеген.

Оқ бас сүйегін шашып жіберген: Бас прокуратура 12 жасар Сұлтанның ісін тергеуді тоқтатты
фото: azattyqruhy

Кәрімбекова 22 қазанда Алматыдағы жемқорлыққа қарсы қызмет "марқұм ұлының қазасын тергеуді баяу жүріп жатқанын" жазып, Қазақстан президенті әкімшілігіне арыз жібереді. Олар хатты Бас прокуратураға бұрған. Ведомство бір жарым айдан соң, 9 желтоқсанда хат арқылы Сұлтан Қылышбектің қазасы бойынша қозғалған қылмыстық тергеу тоқтатылғанын хабарлаған.

Бас прокуратура жазуынша, істің тоқтауына "қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам анықталмауы" себеп. Кәрімбекова бұл хабарды "ауыр қабылдағанын" айтады.

"Алматыдағы полиция департаментінің тергеушісі істі жүргізіп жатты. Менімен хабарласып тұрды, бірнеше рет сұрақ қоюға шақырды. Сұлтанның денесін эксгумациялап, сараптама жүргізді. Оқ Әуезов аудандық полиция басқармасы ғимаратының қай қабатынан атылғанын анықтау үшін лазерлік траектория жасады. Сосын тергеуші "мен істі жемқорлыққа қарсы қызметке өткізуім керек" деді. Мен ондағы тергеушіні өзім іздеп тұрдым. "Іс оңай емес, тергеп жатырмыз" деп жауап берді. Бірақ өздері менімен байланысқа шықпады", - дейді Кәрімбекова.

Кәрімбекова Алматыдағы полиция департаменті де, жемқорлыққа қарсы қызмет те тергеутоқтағаны туралы "өзіне бір хабар бермегеніне" наразы екенін білдірген.

"Шағымдануды жалғастырамын. Басында менде бір сенім болды. Тергеушілерге "Баламды кім атқанын тауып бересіздер деп сенемін" дедім. Қазір сенбеймін. Оларға бұл істі әділ тергеу тиімсіз сияқты. Бірдеңе жасырып тұрған сияқты", —дейді Гаухар Керімбекова.

Сұлтан Қылышбек — Қаңтар оқиғасында қаза болған екі баланың бірі. Ол 5 қаңтарда анасымен бірге дүкенге шығып, Әуезов ауданы полиция басқармасының алдында оққа ұшқан. Оқ баланың бас сүйегін шашып жіберген.