Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

INNOFEST: сыр елінің жастары 24 сағат ішінде жаңа идеяларды іске асырды

Қызылорда өңірінде цифрлық салаға қызығушы жастардың басын қосқан «Innofest» Qyzylorda инновациялық идеялар фестивалі өткізілді, - деп хабарлайды Paryz.kz.

INNOFEST: сыр елінің жастары 24 сағат ішінде жаңа идеяларды іске асырды
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауыменөткен байқауға 1700 жас ниет білдіріп, 200-ге жуық команда 3 бағыт бойынша өз жобаларын қорғады. Жастар ұйқы тежегіш көзілдірік, күн сәулесімен жүретін жол талғамайтын көлік, смарт үй, ақылды қоқыс жәшігі мен дрондар арасындағы махаббат сынды барлығы 50-ден аса жоба ұсынды. 

Ерекше шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысып, аймақ басшысыНұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын жеткізіп, өңірде ІТ саласының дамуына үлес қосып жүрген жастарға әрдайым қолдау болатынын тілге тиек етті.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев "Қазақстанда халықаралық деңгейдегі өнім шығаруға қабілетті дарындылар аз емес. Отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу маңызды. Жаңа идеялар мен серпінді жобалар тек еркін және үйлесімді қоғамда ғана жүзеге асады" деп елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек екенін еске салды.

Бүгінде "Иннофест" мүддесі бір, ойы ерек жастардың инновациялық идеялар алаңына айналды. Біз өзіміздің IT паркімізді әрі қарай дамыта отырып, жаңа жобаларды жарыққа шығару жолында бірлесіп жұмыс жасаймыз,-деді Н.Сақтағанов. 

«SmartСity», «Контент&Медиа», «Кино&Видео»бағытында өткен фестивальге өз саласында табысты жетістікке жеткен спикерлер шақырылып, олар жастармен шеберлік сағаттар өткізіп, идеяларды бірлесе талқылады. 

Фестиваль аясында 6 жоба үздік деп танылды. Оларға жалпы жүлде қоры 3 млн теңгені құрайтын қаржылай сыйақылар үлестірілді. Сондай-ақ, ерекше жобаларымен көзге түскен 6 жасқа оқу гранты табысталды. Байқаудың ең жас қатысушысы 6 жасар Дарын Қойшығұлға арнайы сыйлық сертификаты табыс етілді.

- Менің бүгінгі жасаған жобам, күн сәулесімен жүретін жол талғамайтын көлік. Күн сәулесін электр энергиясына айналдырып, табиғатқа еш зиянын тигізбей табиғи жолмен жүреді. Бұл көлік көп функиялылығымен де ерекшеленеді, әскери бағытта, жүк тасымалына қолдануға болады,-деді жас өнертапқыш Аралбек Жанысбеков. 

Байқау нәтижесінде «Smart Сity» бағытындағы қатысушы Зарина Айданова «Digital innovation and transformation» компаниясымен жұмыс жасауға мүмкіндік алды. Ал, «Кино&Видео» бағытындағы жеңімпаз жобаларға «Қызылорда дизайн» ЖШС қызығушылық білдірді. Сондай-ақ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ғылыми жоба ретінде 2 жобаға, «Qazinterservice» ЖШС 2 жобаға қолдау білдіруге ниет білдірді.