"Өркен" гранттарының 10 пайызы ауыл оқушыларына беріледі, деп хабарлайды Paryz.kz.
Дарынды балалардың Назарбаев зияткерлік мектептерінде білім алуына жағдай жасау үшін "Өркен" гранттар санынан 10% квота ауыл мектептерінде білім алатын үміткерлерге тағайындалады. Мұндай өзгеріс "Өркен" білім беру грантының қағидаларына енгізілмек. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған құжат жобасынан белігілі болды.
Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, бұл өзгеріс Назарбаев зияткерлік мектептерінің 7-сыныптарында оқуға грант тағайындау бойынша ата-аналар қауымдастығынан түскен өтініштерді орындау мақсатында енгізіліп отыр.
Өзгертулер бойынша әр жылға бөлінетін грант санын жариялау мерзімі де енді нақты болады. Жобаға сәйкес, тізім әр жылдың ақпан айынан кешіктірілмей жарияланады.
Сондай-ақ, енді "Өркен" грантының емтиханын тапсырған үміткерлер мен олардың ата-аналары конкурс қорытындысын "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ ресми интернет-ресурсы арқылы білетін болады. Мұнда үміткердің жинаған балл саны және грант алғаны не алмағаны, болмаса резервке өткені туралы ақпарат жазылады.