Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Қырғызстанда 26 жыл бұрын жоғалған азамат Талдықорғаннан табылды

Талдықорғандағы Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына осыдан бір жыл бұрын есте сақтау қабілеті нашар, аты-жөні белгісіз ер адам келіп түскен. Жасы 60-ты алқымдаған ол жақында Қырғызстаннан келген туыстарымен қауышты деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Қырғызстанда 26 жыл бұрын жоғалған азамат Талдықорғаннан табылды
фото: Nur.kz

Бейімдеу орталығы қызметкерлерінің мәліметінше, 2021 жылы 8 қазанда мекемеге 60-65 жас шамасындағы есте сақтау қабілеті нашар ер адам түскен. Ол өзінің аты-жөні, туған күні мен туыстарын есіне түсіре алмаған. Сол себепті, оның жеке басын анықтау қиынға соққан.

Әлеуметтік қызметкерлер оны «белгісіз тұлға» ретінде тіркегеннен кейін тиісті органдарға сұраныс жолдап, облыстық Жетісу телеарнасы мен «Бармысың, бауырым» радиобағдарламасы арқылы оның туыстарын іздестіріп жатқаны туралы хабарлаған. Орталық мәліметінше, белгісіз ер адамның кім екенін анықтауға блогерлер де атсалысқан.

Сонымен қатар, бұл жұмысқа аталған радиобағдарламаның еріктісі Ғазиз Аманжолұлы да қосылған.

Орталықтың әлеуметтік қызметкерлері жүргізген жұмыс нәтижесінде оның Қырғызстан азаматы және отбасының бар екені белгілі болған. Өйткені кейін ер адам туған жылы, әйелі мен баласының есімдерін есіне түсірген.

Сол деректер бойынша ерікті Ғазиз Аманжолұлы бірқатар жұмыс жүргізгенін айтады.

Осы мәселе бойынша Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік комитетінің төрағасы, депутат Айгүл Құспанға хат жаздым. Ол кісі Қырғыз еліндегі Жогоргу Кенештегі әріптестерімен хат алысып, іздеу жұмыстарына көмек көрсетті. Жұмыс барысында оның Қырғыз республикасының азаматы екені расталды, - деді ол.

Еріктінің айтуынша, Кенжебек Аронов жылдар бойы мал бағумен айналысқан. Биыл қараша айында 65 жастағы қарияның Қырғызстанның Ақбұлақ ауылында екі ұлы, бір қызы бар екені анықталған. Сөйтіп ол жақында 26 жыл бойы көрмеген туыстарымен қауышты.