Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

"Күн сайын қымбаттап жатыр": Сенатор азық-түлік бағасына алаңдаулы

"Әттеген-ай дейтінім, ұн, ұн өнімдерінің бағасына қатысты қойған сұрағыма тиісті министрліктің жауапты тұлғасы қазіргі нарықтағы халық тұтынатын азық-түліктің бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда көп өскен жоқ деп жауап берді", - дейді ол. 

"Күн сайын қымбаттап жатыр": Сенатор азық-түлік бағасына алаңдаулы
Фото: ашық дереккөз

"Бүгін Сенаттың комитет отырысында "Астық туралы" заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізуді талқыға салдық. Кем дегенде екі айға жететін 500 мың тонна астық қорын жасау, мынадай күрделі кезеңде өте қажет екені дау туғызбайды". Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Facebook-тегі парақшасына осылай деп жазды, деп хабарлады paryz.kz.

"Әттеген-ай дейтінім, ұн, ұн өнімдерінің бағасына қатысты қойған сұрағыма тиісті министрліктің жауапты тұлғасы қазіргі нарықтағы халық тұтынатын азық- түліктің бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда көп өскен жоқ деп жауап берді. Менің "Ұнның, нанның, еттің бағасы қандай болып жатыр екен деп базарға, дүкенге барасыз ба?" деген сұрағыма "ертең жазбаша жауап берейін" деп құтылды. Мен оған "Айналайын, сіздің лауазымыңызда азық-түлік бағасын күнделікті бақылап, өңірлер бойынша мониторинг жасап отыруыңыз керек қой! Ол сіздің қызметтік міндетіңіз емес пе?!" дедім. Үнсіздік, не айтуға болады? Тезектің түтіні мен ауылдың ақ шаңын жұтып өскендіктен болар, ауыл десе елеңдеп отырамыз. Әттең, азық-түліктің қымбаттауы, біріншіден, сол ауыл халқына қиын соғуда", - деп жазды Мұрат Бақтиярұлы.

Айтуынша, ортада делдалдар көп. Пайданы дихандар мен малшылар емес, сол алыпсатарлар көріп жүр екен. 

"Өндірушіден тікелей тұтынушыларға жеткізуді ұйымдастырамыз деген жылда уәде күйінде қалуда. Өзім айына екі рет базарға не дүкенге барып, азық-түліктің бағасын қарап шығамын. Бағалар азық-түлікке көп өскен жоқ деген вице-министрдің құлағына салайын деп қарашаның 30 күнгі Қызылорда қаласында өз көзіммен көрген бағаларды айтайын: 50 кг ұн - 9200 теңге (былтыр осы уақытта 7500 теңге), 5 литрлік сұйық май - 2800 теңге (былтыр 1800 теңге), 2 кг рожки - 375 теңге (былтыр 250 теңге), 1 кг сиыр еті - 2000 теңге (былтыр 1500 теңге), 1 кг картоп - 145 теңге (былтыр 60 теңге). Күн сайын өсіп бара жатқан бағаны тұрақтандыру тек бір министрліктің ғана жұмысы емес, бұл - тұтас Үкіметтің, жергілікті атқарушы орындардың жұмысы. 18 млн тонна астық алдық қой. Ең болмаса, қарапайым халықтың негізгі тамағы - ұн бағасын ішкі нарықта қымбаттатпайтын жолын іздейік" деп жазды сенатор.