Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Алматыда құрылысшылар жарты жылдан бері жалақы ала алмай жүр (ВИДЕО)

Шыдамы таусылған құрылысшылар компания сөзіне сенбейді. Енді олар сотқа арызданбақ.

Алматыда құрылысшылар жарты жылдан бері жалақы ала алмай жүр (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз

Алматыдағы элиталы тұрғын үй кешенін салған жұмысшылар жарты жылдан бері жалақысыз жүр. Өйткені, тапсырыс беруші компания мердігер кәсіпорындарға бір тиын да төлемепті, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Онсыз да күнкөрісі ауыр құрылысшылар сотқа арызданбақ. Жалақысын жарты жыл бойы ала алмай жүргендер арасында елордадан келген құрылысшылар да бар. Олар үйдің ішкі жұмыстарын жүргізуге тартылған. Жұмысшылар қайтар жолы түгіл, нанға көк тиын таба алмай отыр.

"Восточка" ТК - Думан ықшам ауданы жақта жұмыс істедік. Міне, 7 ай болды, ақшамызды ала алмай жүрміз. Еңбегіміздің ақысы ғой енді. Балалардың еңбегі. Барлығының отбасы бар. Кредиттері бар барлығының, қайдан төлейді оны?!", - дейді жұмысшы Захида Сарқазақова.  

Алматыға келіп опық жеген жалғыз Захида емес. Тағы 70-тен астам жұмысшы осы күйде отыр. Келісімшартпен келген құрылысшылардың ішінде көп балалы аналар да бар. 

"Бізді осында шақыртты. ЖК мен ЖШС-нің келісімшарты бар. Ақша сұрасақ, "болады, болады, істей беріңіздер" дейді. Менің өзіме 3 млн-нан астам берешек. Бала-шағамды тастап, жұмыс істеп жүрмін. Мүгедек қызым бар. ДЦП-мен ауырады. Алатын дәрісі бар", - дейді жұмысшы Фарида Юлбекова.

Құрылысшылар құзырлы органдарға бірнеше рет шағым жазыпты. Нәтиже болмаған. Амалы таусылған жұмысшылар енді ақпарат құралдарынан араша сұрап отыр. Кәсіпорын басшысының айтуынша, жалданған мекемелер құжаттарды дұрыс рәсімдемеген көрінеді. "Жалақы қағаз реттелген соң төленеді" деді серіктестіктің бас директоры.

"Есептен шығару жабылмаған соң, осындай жағдай болып отыр. Ақшаның төленбеуі сол себепті. Қаражатты беруге дайынбыз. Құжатты бізге алып келсе, оны жабамыз. Ақшаны аударып береміз", - дейді серіктестік директоры Берік Жұмабаев. 

Алайда тапсырыс берушінің сөзін мердігерлер теріске шығарып отыр. Құжаттар уақытында тапсырлыпты.

"Мен документтің бәрін ПТО-ға тапсырдым. Полный тапсырылды. Енді только генеральный директор мен зам директордың қолы керек. Одан кейін болды", - дейді мердігер мекеме бригадирі Зарина Иманбаева. 

Тапсырыс беруші компания мердігер мекеменің жұмысшыларына 124 млн теңге қарыз көрінеді. Басшылары оны теріске шығармады. "Берешегімізді осы аптада өтейміз" деп отыр. Шыдамы таусылған құрылысшылар болса, компания сөзіне сенбейді. Енді олар сотқа арызданбақ.