Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Түркістанда несиеге кіріп кеткен студент өз әкесін өлтіруге тапсырыс берген

Түркістан облысындағы Төлеби ауданында көптің жағасын ұстатқан қылмыстық іске сот нүкте қойды. Аталған ауданда тұратын студент жігіт өз әкесін өлтіру үшін киллер жалдаған. Несиеге кіріп кеткен ол әкесінің малын сатып, қарыздан құтылмақшы болыпты, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі.

Түркістанда несиеге кіріп кеткен студент өз әкесін өлтіруге тапсырыс берген
фото: vgorodeperm.ru

Қанды оқиға биыл 21 қаңтарда түнгі сағат 03.30 шамасында болған. 20 жастағы студент өткен жылдың маусым айынан бастап банк арқылы бірнеше рет тауарлық несие алған. Алайда өзі жұмыссыз болғандықтан берешегін дер кезінде жаба алмаған. Қарызға белшесінен батқан ол бұл туралы әкесіне айта алмаған. Себебі ер кісі ұлына қатал болыпты.

Тығырыққа тірелген жігіт несиеден құтылу үшін және пайда табу мақсатында өз әкесін қасақана өлтіріп, отбасының мал шаруашылығын иемденуді көздеген. Бұл қылмысқа өзі бара алмайтынын түсінген ол таныстарына тапсырыс берген. Киллерге қомақты қаржы уәде еткен.

Студенттің үш сыбайласы жоспар бойынша жәбірленушінің мал қорасында жасырынған. Беттеріне медициналық маска тағып, қолғап пен күртеше киген олар тапсырыс берушінің әкесін күтіп отырған.

Студент қорадағы бір қой өлейін деп жатыр деген сылтаумен әкесін қора жаққа алып барған. Мал қораның есігі ашыла бергенде ондағылар ер кісіге пышақ ала жүгіріп, бірнеше рет сұғып алады. Өміріне қауіп төніп тұрғанын сезген жәбірленуші артқа шегініп, күрек сабымен қорғана бастаған. Осы сәтте тапсырысты орындаушылар ер кісі өлді деген оймен оқиға орнынан қашып кетіпті. Ал жәбірленушінің ұлы әкесіне бұл шабуылды өзі ұйымдастырғанын білдірмес үшін сыбайластырының соңынан қуған кейіп танытқан. Ауыр дене жарақаттарын алған 43 жастағы ер адам аман қалып, ауруханаға жеткізілген.

Адам өлтіруге оқталу дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, киллер жалдаған студентке Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Олар мыналар: ҚК 28-бабының 3,5-бөліктері (Қылмыстық құқықбұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлері/қылмыстық топ ұйымдастырушысы немесе орындалуына басшылық еткен), 99-бабы 2-бөлігінің 7), 8) (Адам өлтіру/пайдакүнемдік ниетпен алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған), 24-бабының 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және оқталу/ақырына дейін жеткізілімеген қылмыс).

Ал оның екі сыбайласының үстінен Қылмыстық кодекстің 28-бабының 2-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігінің 7), 8) тармақтарымен іс қозғалған. Сот үкімімен сотталушы студент пен оның сыбайластары кінәлі деп танылып, 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сотталушылар бұл үкіммен келіспей, аппелляциялық шағым түсірді. Алайда сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Әкесін өлтіруге тапсырыс берген сотталушының тағы бір сыбайласы 5 жыл 7 ай бас бостандығынан айыру жазасын арқалады. Қылмыс болған кезде ол кәмелет жасына толмағандықтан оның ісі бөлек қаралған. Айта кетейік, 2004 жылы дүниеге келген сотталушыға шыққан үкім заңды күшіне енген жоқ.