Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

СҚО-да жүргізуші куәлігін сатқан алаяқ сотталды

Ол бұған дейін де осындай қылмыс жасағаны үшін сотты болған.

Солтүстік Қазақстанда жүргізуші куәлігін істеп, сатумен айналысқан алаяқ сотталды. Ол 16 эпизод бойынша жауапқа тартылды деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.

СҚО-да жүргізуші куәлігін сатқан алаяқ сотталды
фото: liter.kz

Бұрын осындай қылмыс жасағаны үшін сотты болған 35 жастағы ер адам түзелмей, баяғы қылмыстық әрекетіне басқан. Ол «клиенттеріне» астанада таныс адамдары барын алға тартып, емтихан тапсырмай-ақ ақшалай сыйақыға жүргізуші куәліктерін алуға болатынын айтқан.

Сонымен қатар, өзіне жүгінген алғашқы жапа шегушілерден олардың таныстары оңай жолмен жүргізуші куәліктерін алғысы келмей ме екендігін білуді сұраған. Жалпы алаяқтың қармағына Тайынша ауданының 14 тұрғыны, Ақжар ауданынан 1, Көкшетау қ. 1 адам іліккен. Адамдар алаяққа ақша аударып, өздеріне, жұбайлары мен балаларына да жүргізуші куәлігін алу үшін тапсырыс берген.

Нәтижесінде СҚО полицейлері алаяқты анықтап, 16 эпизод бойынша материалды сотқа тапсырды. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның сомасы 1,5 миллион теңгеден асады. Сот қаскөйді 3 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Айта кететін болсақ, соңғы кездері алаяқтардың осындай әрекеттері өрши түсті: Петропавлда 3 факті тіркелді. Полицейлер белгіленген процедураларды айналып өтіп алған құжат заңсыз болып табылатындығын еске салады және күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырады.