8-9-сынып оқушылары арасында конкурс тек жаңа Назарбаев мектебі ашылғанда ғана өткізіледі. Ал 11-сынып оқушылары Назарбаев мектебіне мүлде қабылданбайды, деп хабарлайды Paryz.kz ақпараттық агенттігі Informburo.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрлігі Назарбаев зияткерлік мектептеріне қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. "Өркен" білім грантын беру қағидаларының жаңа нұсқасы Ашық НҚА порталында жарияланды.
Жобаға сәйкес, Назарбаев зияткерлік мектебінде тегін оқуға мүмкіндік беретін "Өркен" білім грантына енді тек 7-сынып оқушылары ғана үміткер бола алады. Ал 8-9-сынып оқушылары арасында тек жаңа Назарбаев зияткерлік мектебі ашылған жағдайда ғана грант конкурсы өткізіледі. Ал 11-сынып оқушылары Назарбаев мектебіне енді мүлде қабылданбайды.
"8-11-сынып оқушылары контингентінің қалыптасуына байланысты жұмыс істеп тұрған мектептердің 8-9 және 11-сыныптарында білім алу үшін оқушыларды конкурстық іріктеу жүзеге асырылмайды. 8-9 сыныптарға оқушыларды қабылдау жаңадан Зияткерлік мектептер ашылған кезде ғана жүргізіледі. Жұмыс істеп тұрған мектептердің 8-9 және 11-сыныптарына оқушыларды қабылдауды алып тастау ұсынылады" делінген жобаның түсіндірме жазбасында.
Еске салайық, бұған дейін Назарбаев зияткерлік мектебіне 7-9 және 11-сынып оқушылары қабылданатын.