"Тәжірибе көрсеткендей, пандемия кезінде шындыққа жанаспайтын, еліміздің заңына қайшы келетін әлеуметтік медиа арқылы таратылған ақпарат саны артты..."
ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында қауіпсіздік сертификаты жөнінде айтты деп хабарлады paryz.kz.
"Пандемия медицина, білім, әлеуметтік салаларға ғана әсер етіп қоймай, сандық инфрақұрылым жүйесіне де залалын тигізіп жатқанын көріп отырсыздар. Мемлекеттік интернет ресурстарға деген қолжетімділік проблемасы цифровизация саласындағы қолданыста жүрген ұйымдастырушылық технологиялық базаның кемелдендірілмегенін көрсетіп отыр. Киберқауіпсіздіктің негізгі принциптері – құпиялылық, тұтастық, қолжетімділік. Дәл осы соңғы принцип бойынша проблема туындап отыр. Электронды үкіметтің әрбір ірі ақпараттық нысаны (бұл қаржы секторына да қатысты) үнемі түрлі кибершабуыл назарында. Жыл сайын ақпараттық қауіпсіздік бойынша миллиард жағдай тіркеледі", - деді ол.
Сондай-ақ комитет төрағасы биылдың өзінде 4 миллионға жуық жағдай анықталғанын айтты. Бұдан бөлек, пандемия кезінде кейбір нысандардың қашықтан жұмыс істеу режиміне көшуіне байланысты сандық инфрақұрылым жүйесіне біраз салмақ түскен.
Тағы да оқыңыз: "Елорда интернетіне не болды?"
"Біз бұған дайын емес едік. Қазіргі таңда кибержаттығу өткізудегі негізгі мақсат – мемлекеттік органдардың, мекемелердің ақпараттық қауіпсіздікпен қамтамасыз етілу дайындығын тексеру, кездескен қауіптерге қарсы тұру", - деді Руслан Әбдіқалықов.
Ал кибержаттығу кезінде қауіпсіздік сертификаты не үшін қосылды? Мұны комитет басшысы былай түсіндірді:
"Тәжірибе көрсеткендей, пандемия кезінде шындыққа жанаспайтын, еліміздің заңына қайшы келетін әлеуметтік медиа арқылы таратылған ақпарат саны артты. Осыған байланысты мемлекеттік органдардың негізгі міндеті осындай ақпаратты уақытында анықтап, тұтас интернет ресурсының штаттық функционалын бұзбай, шектеу қою болып отыр. Қауіпсіздік сертификаты осы мақсаттарда қолданылатын болады. Егер азамат оны орнатудан бас тартса, шетелдік интернет ресурстардың қызметін пайдалануға шектеу қойылады", - деді ол.
Руслан Әбдіқалықовтың айтуынша, жыл басынан бері ақпарат саласындағы құзіретті органдарға жекеменшік және шетелдік интернет ресурстар әкімшілігіне заңнаманы бұзу фактілерін жою туралы ұсыным берілген. 23 мыңнан астам құқыққа қайшы келетін материалды жоюға қатысты шара қолдану үшін 7 мыңнан астам хат жіберілген. Алайда, қазір оның 30%-ы ғана орындалған.
"Осы 23 мыңнан астам құқыққа қайшы келетін материалдың 21 мыңнан астамы - терроризм идеологиясын, діни және этникалық экстремизмді тарату бойынша болса, 731-і порнографияны, қатыгездік пен суицидке табынуды насихаттау, тағы 137-сі есірткі құралдарын насихаттау және тарату және т.б. болып отыр. Сонымен қатар, «Байланыс туралы» заңда көзделген тәртіппен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан Республикасының аумағынан пайдаланушылар үшін 3 500-ден астам материалға қолжетімділікті шектеді. Яғни, порнография, суицидті насихаттау бойынша – 2066 материал, есірткі құралдарын насихаттау және тарату бойыша – 722, «ойын бизнесі туралы» Заңды бұзу бойынша – 318, терроризм, діни және этникалық экстремизм идеологиясын тарату бойынша – 186, жалған ақпарат тарату бойынша – 29 және т.б. шектелді", - деді ол.