Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

«Менсінбей, қуып салмақшы болды»: ZARA желісінде қазақ тілі мәселесіне қатысты шу шықты

Блогер Құралай Раисова киім-кешек сататын ZARA желісіне барып, қазақ тілін талап еткен. Алайда сауда желісінің сатушысының бірі оған қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартып, тіпті қуып шықпақ болған, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

«Менсінбей, қуып салмақшы болды»: ZARA желісінде қазақ тілі мәселесіне қатысты шу шықты
фото: Ulysmedia.kz

«Намысым жер, жігерім құм болды. Достық плаза сауда үйіндегі Зара дүкенінің балалар бөлімінде қазақша жауап сұрағанымыз үшін, өз жерімізде өз тілімізде сөйлегеніміз үшін жазықты болдық. Кәріс баланы қазақ екен деп, «қазақша айта бер» деп қалдық, әңгіме содан басталды. «Мне удобно на русском» дейді әлгі жігіт. «Енді бізге қазақша ыңғайлы, сіз түсініп тұрсыз ғой, айта салмайсыз ба, қанша болды?» десек, «МНЕ ТАК УДОБНО» дейді. Онда тіл білетін адамды шақыр дедік. Сол жердің администраторы мына қыз екен, ол кеп өзімізге тап берді, "НЕГЕ ҚАЗАҚША ЖАУАП БЕР ДЕП СҰРАЙСЫЗДАР, ОЛ БАСҚА ҰЛТ, БІЗ МЕЖДУНАРОДНАЯ КОМПАНИЯМЫЗ, СОТРУДНИКТЕРІМІЗ ҚАЙ ТІЛДЕ СӨЙЛЕУДІ ӨЗІ БІЛЕДІ"дейді...» - деп жазды Құралай Раисова.

Блогер «сонда ешқандай қақы жоқ, дауысы жоқ, қалауы жоқ қазақша сөйлейтін клиенттер ғана екен ол жерде» деп атап өткен.

«Біз администратор кассиріне бірдеңе түсіндіре ме десек, жоқ, бұл қыз өзімізге ұрыспақшы әлгі жерде. Өзіңнен үлкенірек бастық бар ма, айналайын, деп едік, енді охранниктер келді. Оларға да "қайтеді енді ол кәріс, ему удобно на русском" деп қарап тұр. Тіпті дүкенде қазақша сөйлей алмасақ, қайда барып сөйлейміз? Қашан сөйлеміз? Тек от басы, ошақ қасында ма? Бүйте берсек, қазақ тілі "кедейлер тілі", "домашний тәпішке" деген мазақтан қашан құтылады?!» - деп ашуланады блогер.

Блогер «ең жаманы, біздің құқымызды қорғайтын, сөзімізді сөйлейтін ешкім жоғын түсініп, өзімізді жетім сезініп шықтық» деп кейіген.

«Видео соңында «ЖАП АУЗЫҢДЫ» деп хормен айқайлағанымыз - қызға емес, сол кәріс жігітке, «Выпроводите их!» дегеніне солай жауап бердік. Өзі біздің тілді менсінбеуімен қоймай, қуып салмақшы. Шаңыраққа қарайын деп тұрған жоқ, өз үйімізден өзімізді қуып салғайы тұр ғой. Сондықтан, ол қай тілде сөйлесе, сол тілде жауап берілді. Менің тілімді құрметтемеген адамға сызылып мәдениет сақтар жайым жоқ екен.Осы видеоны бөлісіңіздерші, бәлкім үніміз жетер, бәлкім қазақ аудиториясынан кешірім сұрар...» - дейді блогер.

Қазақстанда жалпы қазақ тілі мәселесі жиі көтеріледі. Бұдан бұрын Chocolife басшысы Рамиль Мухоряпов орыс тілін білетін қазақстандық арнайы қазақша жауап берсе, бұл «ұлтшылдықтың көрінісі» екенін айтқан еді. Осыдан кейін бірден оның үстінен сындар жауып, желі қолданушылары қосымшаны өшіре бастады.

Артынша кәсіпкер қазақ тілі туралы айтқан даулы мәлімдемесінен соң өзі басқаратын Chocolife қосымшасына қазақ тілін енгізіп, жанталасқан. Кейін кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғалды деп ақпарат тарағанымен, құқық қорғау органдары кейін оның ісі жайлы еш ақпарат таратпады.