Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

«Асылып өлгім келді»: Елімізде балалар арасындағы жыныстық зорлық артқан

2022 жылы сексуалдық қорқыту мен зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 15 баланың ата-анасы шағымданған.

Қазақстанда сексуалды зорлық-зомбылық көретін балалар саны артып барады. Бұл туралы Алматыдағы қазақстандық баспасөз клубында «балалар балаларды зорлайды» тақырыбындағы баспасөз конференциясында қоғамдық ұйым өкілдері мен зардап шеккен балалардың ата-аналары айтты, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі Sputnik сайтына сілтеме жасап.

«Асылып өлгім келді»: Елімізде балалар арасындағы жыныстық зорлық артқан
фото: nos.nl

Баласы зорлық көрген ата-ананың жанайқайы
2020 жылы Немолчи.кз қорына жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен үш ұлдың ата-анасы жүгінген. Ал 2022 жылы сексуалдық қорқыту мен зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 15 баланың ата-анасы шағымданған.

Менің 9 және 4 жастағы балаларымды жасы үлкен балалар қорқытып, сексуалды қатынас жасауға мәжбүрлеген. Біреуі телефонға видеоға түсіріп тұрған. Полиция, прокуратура барлық жерлерге шағымдандық. Бұл жабайы әрекетті жасаған балалар өз кінәсін мойындады. Бірақ еш нәтиже жоқ, еш шара қолданылмады. Оқиға көпқабатты үйлердің ауласында болған. Сараптама жұмыстарына жасатамыз деп талай табалдырықты тоздырдық - дейді зардап шеккен балалардың әжесі Антонина (аты жөні өзгертілген).

Сексуалды түрдегі зорлық – зомбылықтың тағы бір фактісі Алматыдағы элиталы мектептердің бірінде болған. Бұл мектептегі оқушылардың білім үшін жылына төлейтін қаражаты 1 млн-ға жуық.

Баланы бала зорлау фактісі Алматыдағы Наурызбай ауданында орналасқан «Мариям» жекеменшік мектебінде сәуір айында болған. Жылына 1 млн төлеп, баласына сапалы білім алдырғысы келген ата-ана, ең соңында ауыр жағдайға тап болды. Баланың іш киімінен дақты көрген ата-ана баладан сұрай бастайды. Бала жоғарғы сынып оқушыларынан талай рет соққы алған, ең соңында сексуалды зорлық-зомбылық көрген. Мұндай жағдай бір рет емес, бірнеше рет болған, - дейді зардап шеккен баланың адвокаты Айнара Айдарханова.

Дәл осындай оқиға Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында болған. Жасы 7-ге жаңа толған ұл баланы өзінен 3 жас үлкен жеткіншек зорлаған. Оқиғаны ауыл тұрғыны көріп қалған.

Куәгер оқиғаны менің күйеуіме айтқан. Мен сол күні-ақ асылып өлгім келді. Міне қазір миымда қатерлі ісік бар. Осы сұмдықтың салдарынан осы ауруға тап болдым. Денсаулығыма қарамай, табандап жүріп, полиция, прокуратура, соттың алдына бардым. Зорлаған баланың ата-анасы 60 мың теңге айыппұл төлеп, өзі арнайы мектепте оқитын болды. Бірақ бұл аз. Көшеде ит пен мысықты ұрса шара қолданып жатыр. Ал біздің балаларымыз ше?, - дейді Ұзынағаш ауылының тұрғыны.

«Айыппұл төлеп құтылады»: жазаны қатаңдатудың жолы қайсы

Балаларға зорлық жасайтын бала саны жөнінен Алматы облысы алда тұр. Сондай-ақ мұндай келеңсіз жайттар тіркелген Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда облыстары.

Қоғамдық ұйым өкілдері мен адвокаттың айтуынша мұдай фактілер дұрыс тергелмей, жабылып қалады. Зәбір көрген балалардың ата-аналары әділетке жете алмай, табанынан тозады, ал кәмелетке толмаған қылмыскерлердің ата-аналары айыппұлмен құтылады.

Біздің елде қарапайым сараптаманы жасатып, нәтижесіне қол жеткізудің өзі мұң. Тіпті бірден дәрігерлер көмегіне жүгінсек те, олар баланың денесіндегі зақымды көріп тұрып, нақты диагнозын қоймайды. Өйткені, сотқа сүйрейді деп қорқады. Міне, бір ғана мысал. Сәуір айынан бері әділет іздеп бармаған жеріміз, баспаған тауымыз, жазбаған құзырлы мекемеміз қалмады. Бірақ нәтиже жоқ, - дейді "Мариям" жекеменшік мектебіде зәбір көрген баланың адвокаты Айнара Айдарханова.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда баланы зорлау проблемасы өте өзекті. Бірақ, билік те, құқық қорғау мекемелері де немқұрайды қарап, барынша жабу астында ұстайды.

Егер бұл мәселені қазірден басты назарға алып, дұрыстап шешпесе болашақта ашынған ата-ана қылмыскерге жазаны өзі тағайындайды. Егер қылмыскер кәмелет жасына толмаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа жеткенде жазасын өтейтін етіп шара қолдану керек, - дейді Айнара Айдарханова.

Зәбір көрген балалардың ата-аналары қоныс аударып, мектеп ауыстырып, балаларының психологиясы бұзылғанын айтып зар еңіреп жүр. Қоғамдық ұйым мен ата-аналардың мақсаты - үкімет пен жұртшылықтың назарын соңғы жылдары деңгейі өршіп бара жатқан балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне және әрбір жас қылмыскердің жазасыз қалмауына назар аударту.