Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Әйел өз сәбиін перзентханада қалдырып, орнына басқа біреудің баласын алып кеткен

Нышан есімді қазақ қызын Бельгиялықтар асырап алған. Нышаннан туған анасы патологиямен өмірге келгені үшін бас тартып орнына сап-сау ұл баланы алып, елге ұл тудым деп айтқан.

Әйел өз сәбиін перзентханада қалдырып, орнына басқа біреудің баласын алып кеткен
Фото: caravan.kz

Бұл сұмдық жағдай "Jibek Joly" арнасындағы "Шетелдегі қазақ балалары" бағдарламасында айтылды, - деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі caravan.kz сайтына сілтеме жасап. 

Патологиямен туылғаны үшін жазықты болып, жетім атанған қыздың тарихы тұла бойыңды тітіркендіріп, жүрегіңді тілгілейді. Нышанды тастап кеткен алды-артын танымайтын өрімдей жас қыз емес, етек жеңін жиған әйел болып шықты.

Қоянжырықпен өмірге келгені үшін кінәлі болған қыздың Бельгияға дейінгі өмірін асырып алған анасы өзі айтып берді.

"Нышан туған отбасыда үш бала болған. 1995 жылы туған үлкені қоянжырықпен туылып, өкінішке орай екі аптадан кейін шетінеп кеткен. Екінші қыз 1999 жылы туған, ол да ерні жырық, ашық таңдай жарақатымен туылған. Ол аман қалған. Ал үшінші қыз Нышан да сондаймен туылғанда дәрігерлер "ол адам болмайды, өледі балалар үйіне өткізгендерің дұрыс шығар", - депті. Отбасындағы жағдайға байланысты баланы толық емдете алмайды деп ойлаған болар. Екі аптадан кейін нәресте жетімдер үйіне түскен. 3,5 жасқа дейін Нышан сол жақта болған. Осы уақытқа дейін ата-анасы бірде бір рет іздеп келмепті. Бірден ата-ана құқығынан бас тартқан, барлық құжаттарға қол қойып берген. Нышанның қоянжырықтан басқа проблемасы болмаған, денсаулығы өте жақсы", - деді Нышанды асырап алған анасы Хильде Мария Схоутеден.

Нышанды асырап алған анасы Нышанға бұл жағдай өте ауыр екенін айтып өтті.

"Нышан үшін туған ата-анасының одан бас тартқаны өте ауыр, жанын жаралайды. "Тура мен сияқты туған қызды қалдырып, неге мені тастап кетті екен", - деп қатты қайғырады, түсіне алмайды. Осыдан 5 жыл бұрын Қазақстанға алып бардым, оған өте ауыр болды. Туған анасын көргісі келіп, сол ауылға апаруымды сұрады. Бірақ ол әйел басында бізбен кездесуден бас тартты. Өйткені, оның ағайын-туысқандары оның тағы бір қызы бар екенін білмейді екен. Нышан өзінің Нағима есімді әпкесімен де кездескісі келген, алайда туған анасы Нағиманың жүкті екенін, бұл кездесу ол үшін ауыр тиетінін айтып келісімін бермеді. Бірақ анасы өтірік айтқан екен. Қазір Нышан әпкесі Нағимамен әлеуметтік желі арқылы хат алысып, сөйлесіп тұрады. Бірақ әлі кездескен жоқ, бәлкім болашақта кездесетін шығар. Туған анасы біреу біліп қоймасын деп бәрін құпия ұстап отыр. Туған туысынан, ауылынан жасырып келеді. Өйткені, ол Нышанды перзентханада қалдырып, оның орнына денесі сап сау ұл баланы өзіне жаздырып алған. Ешкімге айтпаған, шындығында ол өз туған қызын тастап кеткен. Ал жақындары оны ұл туды деп ойлап жүр", - деді Нышанды асырап алған анасы.

5 жыл бұрын Нышан туған анасымен кездескен, бірақ...

Ақырында Нышанды өмірге әкелген әйелдің жүрегі жібіп, қызымен кездескен. Алайда бұл кездесу Нышанның жан-жарақатын одан сайын ашып жіберген көрінеді.

"Нышан өзінің туған анасынан айнымайды екен. Анасы орамал тағады, дін жолындағы әйел. Жерден басын алмай, төмен қарап тұрды. Ол Нышанды құшақтаған да жоқ. Тек тұрды, Нышан да үндемеді. Кездесуіміз шамамен 10 минуттай ғана болды, бәрімізге өте ауыр тиді. Нышанның әкесінің әпкесі де сол жерде болды. Көбінесе сол кісі көрінеді, әкесі бәрін білетін көрінеді. Бірақ, кездесуге келген жоқ. Алматыда жұмыс істейді екен, келе алмады. Бізге оларды табуға көмектескен адамның айтуынша Нышанның анасы "бұл жағдайды ешкім білмеуі керек, ел жұрттан ұят", - депті. Нышанның орнына алған ұл да еш нәрседен хабарсыз. Мүмкін сол біліп қоймасын дей ме, білмеймін, белгісіз", - деді Нышанды асырап алған анасы Хильде Мария Схоутеден.

Бағдарлама жүргізушісі Жанар Байсеміз бағдарлама барысында бұл оқиғаға байланысты сөзін былай деп аяқтады:

"Журналистік міндетті орындау үшін түрлі сұрақ қойып, қалайда адамның ішіндегісін шығаруға тырысасың. Жаңа сұхбатта мейілінше созып отырдым. Туған анасы туралы Нышанның өзінің аузынан естігім келді. Сол күйінішті өзінің айтқанымен сіздерге жеткізгім келді. Бірақ, бұл жолы олай істей алмадым. Анасының сөзі мені тоқтатты", - деді Жанар Байсеміз.

Нышан қазір анасын есіне де алғысы келмейді. Өзінің тастап кеткеніне күйінеді, өзін тастап оның орнына басқа біреуді таңдағанын қорыту оған қазір қиын көрінеді.