Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Қазақстанда петиция тәртібін қалай өзгерткелі жатыр

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мәжіліс депутаттарына «Қоғамдық бақылау туралы» заңға енгізілетін өзгерістерді таныстырды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Қазақстанда петиция тәртібін қалай өзгерткелі жатыр
Фото: https://suvorov.legal/petitsiya/

Дархан Қыдырәлінің айтуынша, заң жобасы петиция институтын регламенттеу, сондай-ақ, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі түзетулерді қамтиды.

«Заңнамада петиция ұғымы беріледі. Екіншіден, әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітілген. Үшіншіден, петицияны Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы интернет портал арқылы бере алады. Төртіншіден, уәкілетті орган петиция жария болғанша заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды», - дейді министр.

Дархан Қыдырәлі петиция берілген күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оған кемінде еліміздің 150 азаматының қосылуы қажеттігін атап өтті

«Бұндай тәжірибе петиция институты құрылған бірқатар елдерде (АҚШ, Өзбекстан) қолданылады», - дейді ол.

Бесіншіден, петицияны міндетті түрде қарау үшін оны қолдайтын дауыстардың шекті мәндері бар.

  • аудандық деңгей (әкімдіктер) халқы 50 мыңнан асатын болса, 2,5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 5 %-ы болуы керек.
  • аудандық деңгей (мәслихаттар) – халқы 50 мыңнан асатын болса, 5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 10 %-ы;
  • облыстық деңгей (әкімдіктер) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тұрғындарының 1% дауысы;
  • облыстық деңгей (мәслихаттар) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының кемінде 2 %-ы;
  • республикалық деңгей (Үкімет) – кемінде 50 мың дауыс.

«Петицияны қарау барысында мемлекеттік орган петиция авторын шақырып, хабардар ете отырып, мемлекеттік орган шешімінің жобасын жария талқылауды ұйымдастырып, жеке комиссия немесе жұмыс тобын құрады. Мұндай шаралар петициялардың қоғамдық мәртебесі мен маңызын арттыруға мүмкіндік береді. Петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана қабылдайды. Мәслихат депутаттарына петицияны ілгерілету кезеңінде қол жинауға қатысу, мемлекеттік органдардың петицияларды қарауына мониторинг жүргізу, петицияларды қарау бойынша өз округінің сайлаушыларын хабардар ету және тағы басқа өкілеттіктерді беру үшін «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгерістер енгізу ұсынылады», - дейді ол.