Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Елордалықтар "Нұр Отан" ғимаратында семинар өткізген алаяқтарға алданды

Айтуларынша, алданғандар саны жүзге жуықтаған. Солардың бірі Ләззат Құралбаева 10 миллион теңгесін салыпты...

Елордалықтар "Нұр Отан" ғимаратында семинар өткізген алаяқтарға алданды
фото: видеодан скриншот

Елордада ақшасын беймәлім компанияға құйған тағы бір топ сан соғып қалды. "Үй алып береміз", "көлік мінгіземіз" деген компания өкілдері бұл күнде уәдесін орындамақ түгілі, салымшылармен тілдесуді де қойған, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Қылмыстық іс қозғап, тексеруі тиіс полиция мен прокуратура да неше айдан бері хабарсыз. Не ақша жоқ, не баспана жоқ, қайтерін білмей дағдарған жұрт бүгін базынасын айтып, Бас прокуратураға барды. Әрқайсының қолында бума-бума қағаз. Миллиондап ақша құйып, өндіре алмағанының дәлелі.

Өздерін "Отбасы мен жастарды қолдау қоры" деп атаған ұйым барлығына өте ұтымды тәсілмен баспана, көлік алып береміз деп сендірген. Яғни баспананың 50 пайызын төлесе, қор қалған жартысын жылына 3,7 пайызбен несие қып бермекші болған. Айтуларынша, алданғандар саны жүзге жуықтаған. Солардың бірі Ләззат Құралбаева 10 миллион теңгесін салыпты.

"Нұр Отанның" ғимаратында семинарын жүргізді. Ол – бір. Екіншіден, әкімнің мақтау хаты бар екен, соны көрсетті. Әрине, біз де пендеміз, сендік. Сосын алғашқы кезде үй алған адамдардың да үйін көрдік. Біздің салған ақшамыз алдымыздағы тұрған адамдардың пәтер алуына, машина алуына кетіп қалған", - дейді ол.

Ал Қызылорда қаласының тұрғыны Гүлсара Қаюпова 20 тамызда сол «Отбасы және жастарды қолдау қорына» 5 миллион теңге ақша салғанын айтты.

"Содан бері, міне, үш айдан асты. Еш нәтиже жоқ. Елордаға келген кезімде, кеңсесіне барғанда риэлторы бәрі жабылып, мені итеріп салды", - дейді ол.

Алданғандардың айтуынша, қор басшысы Гүлбану Сәпи қазір Украинада жүр. Одан хабар алу да мүмкін болмай қалған. Соңғы жеткен сөзі мынау:

"Беталды сөйлей бермеңіз! Онан да мына қарызға алған ақшамызды қайтарыңыз. Қазір көріп тұрсыз, біздің жанымыз қысылып жатыр. Адамдарға ақша қайтаруымыз керек. Инвестициямыз тоқтап қалды. Кім, кім осы жерде отыр? Қаншама адам? Көбісі маған қарыз".

"Жалпы, қоғамда осындай жапа шегушілердің көбейіп кетуі – ел азаматтарының мемлекеттік органдарға сенімінің жоғалуынан", - дейді сарапшылар. Баспана құқығы бойынша мәселелермен айналысатын қоғамдық ұйым басшысы Зәуреш Батталова "қандай жағдай болса да бұндай істерге заңгердің көмегімен ғана кірісу керек" деген пікірде.

"Жекеменшік болсын, мемлекеттік болсын, оның қандай құжаттары бар? Әділет министрлігінде тіркеуде бар ма? Неше жыл жұмыс істеп жатыр? Құжаттары заңды ма? Осыны тексеру керек. Екіншісі, сол мекемеге барғаннан бастап, бәрін заңгермен өткізу керек", - дейді жеткілікті баспана құқығы бойынша Орталық Азия желісінің үйлестірушісі Зәуреш Батталова.

Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, қазір бұл ұйымға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Дауға ұласып бара жатқан мәселеге Бас прокуратура енді араласып, істің неге созбалаңға салынғанын анықтайды.