Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Атыраулық 8 жасар бала суға батып бара жатқан екі жасөспірімді құтқарып қалды

Атырауда облыстық полиция департаменті суға батып бара жатқан екі жасөспірімді құтқарған 8 жасар Дінмұхаммед Жаңбырбайды марапаттады, деп хабарлайды  Paryz.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Атыраулық 8 жасар бала суға батып бара жатқан екі жасөспірімді құтқарып қалды

8 жасар Дінмұхаммед Жаңбырбайдың ерлігі бүкіл қазақстандықтарды тәнті етті. Ол 3 қарашада Балықшы және Жұмыскер елдімекендерін жалғайтын көпірдің маңында достарымен ойнап жүрген. Кенет екі досы өзендегі қатқан мұз үстіне шыққан. Сол кезде жұқа мұз ойылып, екеуі де суға түсіп кеткен. Мұны байқаған Дінмұхаммед дереу көмекке келіп, екі жасөспірімнің бірін қолынан тартып судан шығарып алады. Кейін судан шыққан жасөспірім үшінші балаға жәрдемдеседі.

Миымда тек құтқару ғана болды. Сондықтан мен құтқаруға тырыстым. Бірақ олар ауыр боп шықты. Мен ауыр болмас деп ойлағанмын. Сосын оларды таяқпен  мықтылап шығардым. Олар батайын деп жатқан кезде өзім бар күшімді жұмсадым да, оларды шығардым. Өзіме сендім, судан қорықпадым, – деді Дінмұхаммед Жаңбырбай.

Дінмұхаммед – отбасындағы ортаншы ұл. Сабағын да жақсы оқиды. Болашақта құтқарушы болғысы келеді екен. Кішкентай баласының ерлігін естіген анасы алғашқыда сену қиын болғанын айтады. Өйткені сол күні әкесі балаларына өзенге бармау керегін ескерткен екен. Сол күні Дінмұхаммед балалардың артынан ілескенімен, мұз үстіне шығып ойнауға асықпаған. Бірақ көмек қолын бірден созған.

Дінмұхаммед өзі келіп айтты. Аяғы су. Біз оған жағаға барма дедік, “Неге барасың?” деп сұрадым. Ол “Бір бала суға түсіп, соны құтқарып келе жатырмын” дейді. Қалай құтқардың деп сұрадық. Қалай болғанын айтып берді. Жалпы Дінмұхаммед қасындағы достарына, айналасындағы адамдарға көмектескенді жақсы көреді, – дейді Дінмұхаммедтің анасы Гүлдана Кулова. 

Құтқарушылар қазір өзеннің бетіне мұз қатқанымен, оның қалыңдығы барлық жерде бірдей емес екенін айтады. Сондықтан тұрғындардан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, ата-аналардан балаларына бас көз болуын сұрап отыр. Одан бөлек төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері атыраулықтар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізетіндерін мәлімдеді.

Облыс бойынша жыл басталғалы үш қайғылы жағдай тіркелді. Қазір мұздың қалыңдығы 15 см, яғни қауіп бар деген сөз. Көбі демалыс күндері балық аулауға шығады. Сондықтан барлық қала тұрғындарына сақ болып жүруге кеңес береміз. Өз өмірлеріңіз өз қолдарыңызда, – деді Атырау облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Бақыт Абланов. 

Құтқарушылар қыста балық аулауға шығатындар мұз жарылу қаупін ескерсе дейді. Әрі оларды өздерімен бірге құтқару құралдарын алып жүруге шақырып отыр.