Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Шымкентте автобус жүргізушісі мен кондукторы соққыға жығылды

Шымкентте №60 бағыттағы автобустың жүргізушісі мен кондукторы соққыға жығылды. Оқиға 16 қараша күні тапа-тал түсте Республика даңғылы бойында болған. Жәбірленуші тарап полицияға арызданғанымен, тергеуші әрекетсіздік танытып отыр екен. Осылай деген жүргізушінің әйелі әділдік іздеп шырылдап жүр, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл туралы қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Facebook парақшасында жазды.

Шымкентте автобус жүргізушісі мен кондукторы соққыға жығылды
фото: Экспресс К

Ділбәр Әділбаева — қоғамдық көлік жүргізушісі Ербол Әділбаевтың жұбайы. Бес балалы күйеуінің соққыға жығылғанын бақылау камераларындағы жазбадан көріпті.

Оның айтуынша, Қалдаяқов көшесінен Республика даңғылына бұрылған автобус "Колос" аялдамасына тоқтайды. Осы кезде Toyota Camry-70-тің жүргізушісі мен жолаушысы автобусқа баса-көктеп кіріп, былапыт сөздерді қарша жаудырыпты. Тіпті жеңіл көліктегі орта жастағы әйел жүргізушіге бірінші болып қол жұмсаған. Кейін Camry--дің жүргізушісі де қосылған. Кондуктор бала араша түспек болғанда оны да соққының астына алған. Бұл сәттің бәрі жолаушылардың көзінше болған әрі автобус ішіндегі және аялдама маңындағы дүкеннің бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Бейнежазбадан алдымен әйелдің, кейін жас жігіттің автобус жүргізушісіне тап бергенін көруге болады. Қоғамдық көлік тізгіндеген ер кісінің мұрнынан қан кеткен.

"Қанша миллион теңге тұратын қымбат машина екенін көрмей тұрсың ба? Мұндай машинаны сендер көрмегенсіңдер, неге жол бермейсің?" деп соққыға жығып тұр. Полицияға арыз жазылды. Бейнебақылау камераларынан көрдік, күйеуім ешқандай жол ережесін бұзбаған,— дейді автобус жүргізушісінің әйелі.