Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Сот арқылы банкрот болған борышкердің несиесі есептен шығарылуы мүмкін

4,9 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады деп хабарлайды Paryz.kz.

Сот арқылы банкрот болған борышкердің несиесі есептен шығарылуы мүмкін
Фото: vlast.kz

Бұл туралы "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасының негізгі ережелері" туралы брифингте Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, ол үшін азаматтар сот органдарына жүгіне алады.

"Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі аукционда сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады",- дейді Ержан Біржанов.

Оның айтуынша, қазір мұндай процедура заңды тұлғаларға қатысты қолданылады. Сондықтан, бұрынғы қалыптасқан механизмді жеке тұлғаларға қолдану жоспарланып отыр.

"Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды. Қалған өтелмеген сома, егер борышкер мүлікті немесе ол туралы мәліметтерді жасыру, жалған ақпарат беру және т.б. белгілері болмаса есептен шығаруға жатады",- дейді Қаржы вице-министрі.

Алайда, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян мен алимент бойынша қарыздар міндетті түрде өндіріп алынады.

"Сот банкроттық рәсімін қаржы менеджерлері, оның ішінде: заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер; кәсіби бухгалтерлер; заң консультанттары;  аудиторлар жүзеге асырады", - дейді Ержан Біржанов.