Тәртіп сақшылары табельдік қарудан алдымен аспанға атып, содан кейін көлік дөңгелектеріне атқаннан кейін ғана "УАЗ" тоқтаған.
Атырау облысының полицейлері түнгі сағат бір шамасында Жылыой ауданы Майкөмген ауылының маңында табельдік қару қолданды, деп хабарлады Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері тоқтатпақ болған "УАЗ 390945-441" маркалы автокөлігінің жүргізушісі полицейлердің заңды талаптарына бағынбай, қуып келе жатқан полиция қызметкерлерінің "Нива" көлігіне оқ атқан. Тәртіп сақшылары табельдік қарудан алдымен аспанға атып, содан кейін көлік дөңгелектеріне атқаннан кейін ғана "УАЗ" тоқтаған.
"Көлікте Маңғыстау облысы Боранқұл ауылының 1995 жылы туған тұрғыны болған. Одан 16 калибрлі "ИЖ" маркалы тіркелмеген аңшы мылтығы тәркіленді", – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Қазіргі уақытта ұсталған азамат қамауға алынды.