Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Сыр елінде ақын, драматург Иранбек Оразбаевтың драмалық дастаны сахналанды

Биыл Сыр елінің қабырғалы қаламгері, өнерде Иран-Ғайып атымен кеңінен танылған ақын және драматург Иранбек Оразбаев 75 жасқа толды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Сыр елінде ақын, драматург Иранбек Оразбаевтың драмалық дастаны сахналанды
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мерейлі мерейтойы қарсаңында жерлестеріне «Мәңгілік елдің алтын адамы» драмалық дастанының премьерасын тарту еткен жазушының шығармашылық кешінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтады.

«Сыр өңірі – Түркі әлемінің аңызы, ортақ абызы - Қорқыт бабаның, туған халқына жерұйық іздеген - Асан Қайғының, найзалы батырлар мен найзағай ақындардың – Отаны.  Бұл сапты қазақтың қабырғалы қаламгері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, арқалы ақын, дарынды драматург, Сырдың саңлақ перзенті – Иранбек Әбітайұлы жалғайды.   

Исі қазақтың сүйіктісіне айналған заманының заңғары Мұқағали Мақатаев туралы жазған қаламгерлер көп-ақ. Бірақ, ақынмен үзеңгілес жүріп, тіні үзілмес жыр жазған 
Иран-Ғайыптан басқаны атау қиын. Өлең сөздің шын бағасын беретін халық Иран-Ғайып ақынды Мұқағалимен мұңдас болғаны үшін де көкке көтеретіні рас. 

Тәуелсіз елімізде тұңғыш өткен жазба ақындар жыр-мүшәйрасының Бас жүлдегері болуы да Иран-Ғайыптың ақындық дарыны мен арынын айғақтайды. Кітапханалар сөресінен оқырман қолына ұдайы көшетін ақын өлеңдері ең оқылымды шығармалар саналады. Сіз бір дәуір ақындарының ұстазына айналдыңыз. Сіздің қазақ өлеңіне салған дара олжаңызбен бірге ұлттық драматургияға қосқан үлесіңіз де ерекше зор», - деді аймақ басшысы.

Кеште облыс әкімі Иранбек Әбітайұлына ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауы мен облыстың ең жоғарғы наградасы Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасын табыстап, қазақы дәстүр бойынша иығына шапан жапты.

Салтанатты іс-шара  тәрбиелік мәні орасан, бірлікке, ынтымаққа баулитын «Мәңгілік елдің алтын адамы» драмалық дастанының Сыр сахнасындағы тұсаукесер көрсетілімімен аяқталды. 

Айта кетейік, бүгін ақынның мерейтойына орай Н.Бекежанов театрында "Топырағыңды басқаным - тау асқаным" атты шығармашылық кеші өтеді. 

Иранбек Әбітайұлы (Иран Ғайып) Оразбаев – ҚР Мемлекеттік сыйлығының және "Парасат" орденінің иегері, "Платиналы" Тарлан тәуелсіз сыйлығының лауреаты.
2002 жылы "Қорқыттың көрі" атты жыр кітабы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Елімізде тұңғыш өткен жазба ақындар жыр-мүшайрасының бас жүлдегері. Ақынның "Жүрек жырлайды", "Түннің көзі", "Өмір-өлең" сынды өлеңдер мен поэмалар жинақтары жарық көрді. 
Абай өмірінің соңғы көзеңіне арналған "Мен ішпеген у бар ма?" атты драмалық дастаны, "Қорқыттың көрі" трагедиялық драмасы республикалық театрларды және Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында  қойылды.