Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

"Жоқ қой, ешнәрсе!": Түркістан тұрғыны әуежайға не жетіспейтінін айтты (ВИДЕО)

Жан-жағын бағдарлап, өзінше ой түйіп отырған Әзиз алыпсатарлықты жақсы меңгергенге ұқсайды.

"Жоқ қой, ешнәрсе!": Түркістан тұрғыны әуежайға не жетіспейтінін айтты (ВИДЕО)
фото: ашық дереккөз

Түркістандағы Гиннес рекордтар кітабына кіреді деп әспеттелген халықаралық әуежай ашылды. Сол сәтте тумысынан саудаға бейім жергілікті жұрт оның ішінде не сатуға болатынын, қандай сауда орындары жетіспейтінін аңғарып қалған сияқты, деп жазды paryz.kz.

Мысалы, журналист Алмат Әбдіраман Facebook-тегі парақшасына "Түркістандықтар, әуежай құтты болсын! Жақсы болды, енді қайынжұртқа ұшақпен барамыз. Шыға берісте әсіп сатса, тіпті керемет" деп жазып, зәулім ғимарат ішінде Әзиз атты жігітпен сөйлескен видео жариялады.

Ал жан-жағын бағдарлап, өзінше ой түйіп отырған Әзиз алыпсатарлықты жақсы меңгергенге ұқсайды.

"Мына жерден самса ма, әсіп пе, бір нәрсе ашу керек қой. Жоқ қой, ешнәрсе! Сосын кіріп келе жатқанда есік алдынан бір орын көрдім. Сонда қарбыз-қауын сататын сөре ашып қою керек екен. Жазда жақсы өтеді", - дейді ол.

Сосын қасында тұрған кофехананың бағасына қарап, азық-түлігі арзандау келетін өңірде оның да онша өте қоймайтынын түсінген сыңайлы.

"Ойбай, бір кофең мың теңге дейді ғой!.. Три в одномды 100 теңгеден сатасың ғой, тефальмен қайнаған суды әкеп. Өтеді мына жерде, жүз теңгеден!" - деп мұрнын тыржитты "бизнесмен" Әзиз.

Одан кейін ол көлігінің кілтін айналдырып, әуежайдың сыртында тұр. Такси жүргізушісі болса керек.

"Базар, базар! Екі адам, 100 теңгеден!" - деп айқайлап қояды.

Тағы оқи отырыңыз: Елбасы тұсауын кескен әуежайды өз ұшағы неге "жатырқады"?

Бұдан шығатын қорытынды, кейін Түркістан халықаралық әуежайының жалпы ел бойынша жолаушыларға ең арзан тағам мен өзге де тауарлар сататын нысан болып шығуы ғажап емес. Себебі, онда тиыннан теңге құрай білетін Әзиздер көп. Тек олардың тұратын орнын жалдау ақысы аспандап кетпесе болғаны.